Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова өз таңдауын жасады

Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова өз таңдауын жасады

75 қаралым

Бүгін Талғар ауданындағы Мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесіне танымал әнші Мөлдір Әуелбекова келіп, Құрылтайға қатысты өз таңдауын жасады.

Дауыс беру рәсімінен кейін өнер иесі азаматтық жауапкершілік пен ел болашағына деген көзқарасы туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, қоғамдағы маңызды үдерістерге әр азаматтың өз ұстанымымен қатысуы маңызды.

«Елдің болашағы – әрқайсымыздың таңдауымыздан басталады. Сондықтан бүгін өз таңдауымды жасап, азаматтық ұстанымымды білдіруді маңызды деп санадым. Елге қатысты мәселе бар жерде әр адамның пікірі мен жауапкершілігі қатар жүруі керек», – деді Мөлдір Әуелбекова.

Әнші үшін елдің болашағы тек қоғамдық шешімдермен ғана емес, күнделікті еңбектен, отбасындағы тәрбиеден және кейінгі ұрпаққа қалдыратын құндылықтардан қалыптасады.

«Біз бүгінгі әрекетімізбен ертеңгі ұрпаққа үлгі көрсетеміз. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, айналасына пайдасын тигізуге тырысса, бұл да елдің дамуына қосылған үлес», – деді ол.

Мөлдір Әуелбекова мәдениет пен өнердің қоғамдағы рөліне де тоқталды. Оның пікірінше, өнер адамды біріктіріп, жақсы ой мен құндылықтарды жеткізудің маңызды құралы.

«Өнер арқылы адамға ой салуға, жақсы дүниеге үндеуге болады. Әнші ретінде менің де басты мақсатым – шығармашылығым арқылы көрерменге жақсы көңіл күй мен оң ой жеткізу. Бұл – менің қоғам алдындағы жауапкершілігім», – деді әнші.