Алатау қаласының тұрғыны, 1935 жылы дүниеге келген Толғанай Сембиева – ел тарихының талай белесін көрген ардақты жан. 91 жастағы тыл ардагері, екі мәрте «Батыр ана» атағының иегері бүгін азаматтық міндетін атқарып, дауыс беруге келді.
Ақ жаулықты әжені сайлау учаскесінде ерекше құрметпен қарсы алып, қошемет көрсеттік. Өмір жолы өнегеге толы Толғанай апаның ел өміріндегі маңызды қоғамдық науқанға белсенді қатысуы – кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі.
Тыл еңбегінің ауыртпалығын көріп, бейбіт күннің қадірін білетін ардақты ана үшін әрбір азаматтың ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасауы маңызды.
Толғанай Сембиеваның азаматтық ұстанымы мен белсенділігі – елге деген сүйіспеншіліктің, жауапкершіліктің және отансүйгіштіктің жарқын көрінісі.
Қадірлі ардагерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығы мен берекесін тілейміз!