Бүгін Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесіне ақын Бақытжан Ержан келіп, Құрылтайға қатысты өз таңдауын жасады.
Ақын ел өміріндегі маңызды мәселелерді қоғам болып талқылаудың мәніне тоқталып, Құрылтайдың елдік ойды ортаға салатын алаң ретіндегі маңызын атап өтті.
«Қазақтың тарихында ел тағдырына қатысты үлкен мәселелер кеңеспен шешілген. Билердің сөзі, ақсақалдардың батасы, ел ағаларының пікірі – бәрі де ортақ ойға келудің жолы болған. Бүгінгі Құрылтайды да осы дәстүрдің жалғасы деп қабылдаймын. Елге қатысты мәселе айтылған жерде халықтың үні естілуі керек», – деді Бақытжан Ержан.
Ақынның айтуынша, қоғамдағы өзгерістер мен елдің көңіл күйін сөзбен жеткізу – қалам ұстаған адамның жауапкершілігі.
«Ақын үшін елдің сөзі қашанда жауапкершілік. Халықтың қуанышын да, мұңын да, арманын да айту – біздің міндетіміз. Ел тағдыры сөз болған жерде ақынның да азаматтық ұстанымы айқын көрінуі керек», – деді ол.
Бақытжан Ержан Құрылтай аясында әртүрлі пікірлердің ортаға салынып, елге ортақ мәселелердің талқылануы маңызды екенін айтты.
«Қазақ “Кеңесіп пішкен тон келте болмас” дейді. Бұл сөздің бүгінгі қоғам үшін де мәні зор. Пікірлер әртүрлі болуы мүмкін, бірақ түпкі мақсат – елдің ертеңін ойлау. Бір-бірімізді тыңдап, ортақ мәселеге ортақ жауап іздей білуіміз керек», – деді ақын.
Бақытжан Ержанның пікірінше, азаматтың ел өміріне қатысуы оның қоғамдық жауапкершілігін танытады.
«Бүгін айтылған сөз де, бүгін жасалған таңдау да уақыт өте келе тарихтың бір бөлігіне айналады. Сондықтан әр азамат елдің болашағына қатысты өз ұстанымын қалыптастырып, жауапкершілікпен қарағаны жөн», – деді ол.