Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылының 77 жастағы тұрғыны Бекмұрат Байтуаров қай кезде болсын жалпыхалықтық дауыс беру науқанынан қалыс қалмайды. Ол бүгін де Құрылтай сайлауына ертелетіп келіп, өз таңдауын жасады. Немересін ерте келген ақсақалды аудан орталығындағы дауыс беру ғимаратының сыртында жолықтырып, сөзге тарттық.
«Еліміздегі саяси шараға қатысуды өзімнің азаматтық парызым деп есептеймін. Еліміздің бүгіні мен болашағына немқұрайды қарамауымыз керек. Мына кішкентай немеремнің аты – Әмірхан. Әкесінің есімі – Диас. Әке-шешесі Алматыда әуежайда жұмыс істейді. Бүгін олар жұмыста. Оларға да жұмыс орындарыңда дауыс беріңдер деп айттым. Осындай жалпыхалықтық таңдау жасағанда қазақ елін өркендетуге үлкен үлес қосады-ау деген бастамаларға сенім артуымыз қажет. Сол үшін өзімнің қалауымды білдіруге келіп, таңдауымды жасадым. Еліміз өркендеп, жоғары дамыған мемлекеттердің қатарына қосылса екен деймін. Ол үшін заң шығарушы жоғарғы жақтағы лауазымдарға, яғни депутаттыққа білімді, іскер, Отанымызға адал азаматтар келсе екен», дейді Бекмұрат Әлтайұлы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Ұзынағаш ауылы,
Жамбыл ауданы