Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Әуезді әнмен әрленген сайлау күні

Әуезді әнмен әрленген сайлау күні

80 қаралым

Ұйғыр ауданында өтіп жатқан Құрылтай сайлауы ел өміріндегі маңызды қоғамдық оқиға ретінде жоғары ұйымшылдықпен өтуде. Бұл күні сайлау учаскелеріне келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік атмосфера қалыптастыру мақсатында мәдениет саласының өкілдері де белсенділік танытуда.

Сайлау учаскелеріне арнайы барған «Жазерке» және «Арзу» ансамбльдерінің өнерпаздары әсем ән мен әсерлі әуендерін тарту етіп, тұрғындардың көңілін бір серпілтті. Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген қос шығармашылық ұжымның өнер көрсетуі сайлау күнінің мазмұнын айшықтай түсті.

Ансамбль мүшелері халыққа белгілі әндерді орындап, сайлауға келген азаматтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сайлау учаскелерінде әуезді ән қалықтап, өнер мен елдік мәні бар маңызды күн өзара үндестік тапты.

«Сайлау – ел өміріндегі маңызды күндердің бірі. Осындай айтулы күні халықтың ортасында болып, өнеріміз арқылы жұртшылыққа жақсы көңіл күй сыйлау біз үшін үлкен қуаныш. Ән – адамдарды жақындастыратын, жүрекке жылу сыйлайтын өнер. Бүгінгі өнер көрсетуіміздің мақсаты да – сайлауға келген ағайынға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік әсер қалдыру», – дейді осы іс-шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген аудандық мәдениет үйінің директоры Салтанат Ермұхаметова.

Тұрғындар да өнерпаздарға ризашылықтарын білдіріп, олардың орындауындағы әндерді ықыласпен тыңдады. Бір сәтке сайлау қарбаласынан серпіліп, әсем әуенге құлақ түрген жұртшылықтың жүзінен қуаныш байқалды.

Ұйғыр ауданында ұлттық өнерді насихаттап, елмен етене араласып жүрген «Жазерке» және «Арзу» ансамбльдерінің бұл бастамасы – маңызды қоғамдық шараның мазмұнын мәдени-рухани сипатпен толықтыра түскен тағылымды көрініс.

Сайлау – азаматтық таңдау жасайтын маңызды күн болса, өнер – сол күнге ерекше жылылық пен көңіл күй сыйлайтын рухани күш. Бұл күні әнмен әрленген сайлау учаскелеріндегі ерекше атмосфера тұрғындардың есінде жағымды сәт болып қалды.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы