Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Тақиялы періште» – сайлауда!

«Тақиялы періште» – сайлауда!

61 қаралым

Ұзынағаш ауылындағы №271 сайлау учаскесіне ауданға танымал Мәдениет үйінің маманы А. Асқаров пен анасы Б. Жылқыбаева көпшілікке жақсы таныс «Тақиялы періште» көркем фильмінің кейіпкерлері бейнесінде келіп, өз таңдауларын жасады.

Кино кейіпкерлерінің образын дәл тауып, ұлттық нақыштағы киімдерімен көпшілік алдына шыққан ана мен бала сайлау учаскесіне келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, Құрылтай сайлауының мазмұнын айшықтай түсті.

«Тақиялы періште» – талай буынның жадында жатталған, қазақ киносының алтын қорынан орын алған сүйікті туындылардың бірі. Арада қанша жыл өтсе де, фильм кейіпкерлерінің бейнесі халық жадынан өшкен жоқ. А. Асқаров пен Б. Жылқыбаеваның сол кейіпкерлерді бүгінгі күнмен сабақтастырып, маңызды қоғамдық шараға ерекше реңк беруі – өнер мен өмірдің әдемі үндестігі болды.

Бұл көріністен отбасылық тәрбие, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық құндылық және азаматтық жауапкершілік секілді маңызды ұғымдар өзара үйлесім тапты.

Сайлау учаскесіндегі тосын әрі тағылымды көрініс тұрғындардың қызығушылығын оятып, жүздеріне күлкі, көңілдеріне жылылық сыйлады. Бір сәтке кешегі кино әлемінің кейіпкерлері экраннан түсіп, бүгінгі өмірдің ортасына келгендей әсер қалдырды.

Осылайша «Тақиялы періштенің» кейіпкерлері Құрылтай сайлауының шырайын кіргізіп қана қоймай, ұлттық өнерді ұлықтаудың, отбасылық құндылықты дәріптеудің және азаматтық белсенділікті көрсетудің өзіндік үлгісін танытты.