Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыс тұрғындарын бүгін Республика күні мерекесіне орай құттықтады.
«Қадірменді қауым!
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды Ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен халықпен қайта қауышқан бұл мейрам биыл екінші рет тойлануда.
1990 жылдың 25 қазаны – еркіндікті аңсаған, биік рухты, өр намысты ата-бабамыздың асыл арманы орындалған тарихи күн.
«Егемендік декларациясы – еліміздің Тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат. Ол халқымыздың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі, тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі», – деді Мемлекет басшысы.
Татулықты ту еткен еліміздің бағындырған белестері, алған асулары көп.
Бүгінде Қазақстан – еңсесі биік, экономикасы өрлеген, әлеуеті артқан заманауи мемлекет. Мұның барлығы қажырлы еңбектің, ең бастысы, берекелі бірліктің, тату тірліктің нәтижесі. Былтырдан бері қайта түлеген аймағымыздың ел қуатын еселеуде орны ерекше.
Біздің бастамаға сәйкес, Отандық экономикалық зерттеулер институты Алматы облысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірледі. Биыл Қонаев қаласының Бас жоспары бекітілді. Келер жылы облыс орталығының Жаңа Іле алаңында құрылыс жұмыстары басталады. Ол жақта Академиялық қалашық, театр, музей, кітапхана, көпсалалы клиникалық аурухана, спорттық кешен, креативтік орталық, теміржол вокзалы сынды нысандар салынып, ботаникалық бақ пен абаттанған жағалау пайда болады. Қонаев қаласының қазіргі аумағы да қарқынды дамиды. Алматы агломерациясының дамуына, жалпы өңіріміздің өркендеуіне үлкен серпін беретін «G4 City» жобасын жүзеге асыру да жаңа деңгейге шықты.
Облысқа жұмыс сапарымен арнайы келген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, оң бағасын берді. Алматы облысының дамуы Мемлекет басшысының ерекше назарында. Бұл – біз үшін үлкен абырой және зор жауапкершілік!» – делінген құттықтауда.