Райымбек ауданына қарасты Көкбел ауылындағы Көксай орта мектебінде орналасқан №772 сайлау учаскесінде ауыл тұрғындары азаматтық белсенділігін танытып, ел болашағына қатысты маңызды таңдауларын жасады.
Аталған сайлау учаскесінде барлығы 359 азамат тіркелген. Үйден дауыс беруге өтініш берген сайлаушылар болмаған.
«Қарт сайлаушылар қатарында Ниязхан Дарбасова, Союзхан Қабылбаева және Қуаныш Қасымбаев өз азаматтық міндеттерін орындап, дауыс берді. Ал Базарбай Ертай, Әкіш Абылай, Тілеуберді Дидар сынды жас сайлаушылар үшін бүгінгі күннің орны бөлек. Олар алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасады», – деді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Гаухар Аманқұлова.
Сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын «Дауыс» және «Жас отбасы» қоғамдық бірлестіктерінің байқаушылары да бақылап, өз жұмыстарын атқаруда.
Ел тағдыры – әр азаматтың таңдауынан басталады. Ал бүгінгі таңдау – ертеңгі күнге жасалған қадам. Көкбел ауылының тұрғындары да осындай жауапкершілікті сезініп, ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы