Перейти к содержимому

Жол үстіндегі таңдау

52 қаралым

Ұйғыр ауданы Қалжат ауылдық округіндегі №917 сайлау учаскесіндегі дауыс беру күні де ерекше көрініспен есте қалды. Қалжат кеден бекеті арқылы жүк тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер бұл күні сайлау учаскесіне бірінен соң бірі жүк көліктерімен келіп, өз азаматтық міндетін орындау үшін жоспарлы түрде аялдады. Әрі  өз таңдауларын жасап, сайлауда дауыс берді.

Алыс жолдағы жүргізушілердің әр сағаты есептелген. Жүк жеткізу мерзімі, ұзақ сапарлар мен қатаң кесте – олардың күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі. Соған қарамастан, жүргізушілер сайлауға қатысу үшін жол жүру бағыттарын алдын ала жоспарлап, учаскеге ұйымдасқан түрде келді. «Біздің өміріміз үнемі жолда өтеді. Жүк тасымалдап, белгіленген кестені сақтау біз үшін өте маңызды. Бірақ дауыс беруді де назардан тыс қалдырғымыз келмеді. Сондықтан бағытымызды алдын ала жоспарлап, учаскеге бірлесе келуді жөн көрдік», – деді жүргізушілердің бірі Бахтияр Мамиров.

Жүк көліктерінің ұйымдасқан түрде келуі жергілікті тұрғындардың да назарын аударды. Бұл көрініс ұзақ сапарда жүрген адамның да ел өміріне белсенді араласуға мүмкіндігі бар екенін дәлелдеп берді.

Кәсіби міндет пен азаматтық жауапкершілікті қатар алып жүрген жүргізушілердің бұл әрекеті – еңбек адамының ел болашағына бейжай қарамайтынының айқын көрінісі.