Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Азаматтар саяси жаңғыруға бейжай қарамайтыны көрсетті

Азаматтар саяси жаңғыруға бейжай қарамайтыны көрсетті

60 қаралым

Бүгін елімізде жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтуде. Қазір облыста дауыс беру барысын қазақстандық және шетелдік байқаушылар бақылауда. Олар дауыс беру құпиясының сақталуына, комиссиялардың жұмысының ашықтығы мен азаматтардың белсенділігіне назар аударуда.
Біз тілдескен байқаушылар азаматтардың белсенділігін, дауыс беру үдерісінің ашықтығын, сайлау комиссиясы мүшелерінің жоғары деңгейдегі дайындығы мен ерекше қажеттілігі бар адамдарға сайлауда жақсы жағдай жасалғанын атап өтті.
«Бүгін Құрылтай аясында маңызды қоғамдық іс-шараға Дауыс коалациясынан байқаушы ретінде қатысып отырмын. Байқаушы ретінде біздің басты міндетіміз – барлық процестің ашық, әділ және белгіленген тәртіпке сай өтуіне назар аудару. Әр кезеңнің өз тәртібі мен жауапкершілігі бар, сондықтан жұмысымызға мұқият қарап отырмыз. Жалпы, бүгінгі Құрылтай сайлауының деңгейі жоғары, жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Осындай маңызды процеске өз үлесімізді қосып, жауапкершілікпен қатысып отырғанымызға қуаныштымын. Осыған дейін біз сайлау процесін бақылау бойынша арнайы оқудан өттік. Өйткені байқаушы болуы жоғары біліктілікті талап етеді. Ал бүгінгі Құрылтай сайлауы – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға. Азаматтардың өз таңдауын білдіруі Қазақстанның болашағына қатысты шешімдерге қатысуының маңызды тетігі. Қысқасы азаматтарымыз саяси жаңғыруға бейжай қарамайтынын көрсетті», – дейді Қонаев қаласындағы сайлау учаскесіндегі байқаушылардың бірі Жайна Бейбітқызы.

Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы