Перейти к содержимому

Жастардың тың бастамасы

115 қаралым

Ұйғыр ауданының Ақтам ауылында жастар сайлауға қатысудың маңызын түсіндіруге бағытталған ерекше бастама көтерді. Олар ауыл тұрғындарына сайлаудың мәнін қарапайым әрі әсерлі жеткізу мақсатында арнайы бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке ұсынды.

Жастар дайындаған бейнероликте азаматтық белсенділіктің маңызы, өз таңдауын жасау және ел болашағына бейжай қарамау жөнінде ой қозғалды. Жастардың бұл әдісі ауыл тұрғындарының назарын аударып, сайлауға қатысуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Басты мақсат та осы еді.

Бастаманы ұйымдастыруға Ақтам ауылдық жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Шырайлым Серікболова ықпал етіп, жастардың шығармашылық идеясын қолдады. Нәтижесінде жастар өздері білетін заманауи тәсіл арқылы ауыл азаматтарына маңызды ойды жеткізе білді.

«Жастардың қоғам өміріне белсенді араласуы – қуанышты жағдай. Біз сайлаудың маңызын құрғақ сөзбен емес, жастарға жақын форматта жеткізуді жөн көрдік. Бейнеролик арқылы әр азаматтың өз таңдауын жасауға жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін көрсеткіміз келді», – дейді Шырайлым.

Ақтам жастарының бұл бастамасы – елдік мәселеге жастардың да өз үлесін қоса алатынын көрсеткен жақсы мысал. Заманауи форматтағы шағын бейнеролик арқылы маңызды ойды көпшілікке жеткізу ауыл тұрғындарының белсенділігін арттыруға өзіндік серпін берді.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы