Құрылтай сайлауында Алматы облысындағы сайлау учаскелерінен әдетте спорт ареналарында, рингтерде және халықаралық жарыстарда көріп жүрген спортшыларды кездестіруге болады. Әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері мен ұлттық құрамалардың көшбасшылары сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады.
Сайлаушылар спорт жұлдыздарын күтпеген жерден де кездестірді. Ұлттық бокс құрамасының сайлау учаскесіне келуі көпшілік үшін нағыз тосынсый болды. Бірақ бұл туралы кейінірек. Ал әзірге ел үшін маңызды күні жанкүйерлерін қуантып қана қоймай, азаматтық таңдауын жасаған спортшыларды еске алайық.
Олимпиада жүлдегері Демеу Жадыраев
Өз азаматтық борышын грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадраев та орындады.
Балауса Муздиман
Дауыс бергендердің қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Балауса Муздиман да бар. Ол 2023 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, бір жылдан кейін Таиландта WBA Asia белбеуін жеңіп алды.
Асем Орынбай
Өз таңдауын стенд атудан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы, Азия ойындарының чемпионы және әлем кубогының рекордшысы Асем Орынбай да жасады. Нәтиже үшін барынша зейін мен жауапкершілік танытуға үйренген спортшы бұл қасиеттерін маңызды күні де көрсетті.
Назым Қызайбай
Бокстан үш дүркін әлем чемпионы әрі Олимпиаданың қола жүлдегері Назым Қызайбай Жаңашар ауылында дауыс берді. Спортшы оқу-жаттығу жиынында жүргеніне қарамастан, Құрылтай сайлауын өткізіп алмау үшін алдын ала есептен шығару куәлігін алып қойған.
Шавкат Рахмонов
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов Қонайев қаласындағы №949 сайлау учаскесіне келді. Қазақстанның ММА саласындағы ең танымал өкілдерінің бірі де Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты.
Бокс чемпиондары — рингтен сайлау учаскесіне
Ал Есікте сайлаушылар нағыз спорттық десантты кездестірді. №123 сайлау учаскесіне Қазақстанның ұлттық бокс құрамасының өкілдері келді.
Олардың қатарында Санжар Ташкенбай, Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Оразбек Асылқұлов, Төрехан Сабырхан, Абылайхан Жүсіпов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Сағындық Токамбай, Айбек Оралбай және басқа да спортшылар болды.
Қазір ұлттық құрама Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Дайындық кестесіне қарамастан, боксшылар дауыс беруге қатысты. Сайлаушылар күтпеген кездесуді пайдаланып, спортшылармен естелік суретке түсіп, оларға жаңа жеңістер тіледі. Бұл күні медальдар мен чемпиондық атақтар сайлау учаскесінің сыртында қалды. Мұнда спортшылар жарысқа қатысушылар ретінде емес, өз таңдауы мен нәтижесіне жауап беруге дағдыланған ел азаматтары ретінде дауыс берді.