Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында Құрылтай сайлауы қалай өтті?

Алматы облысында Құрылтай сайлауы қалай өтті?

47 қаралым

Алматы облысында Құрылтай сайлауы ерекше тың серпінмен өтті. Дауыс беруге деген тұрғындардың ықыласы сайлау учаскелеріне келген адамдардың легінен анық байқалды. Бұл күні көпшіліктің көңілі көтеріңкі болып, мерекелік күй анық аңғарылды. Кейбір сайлау учаскелерінің алдында жәрмеңкелер ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойналды, әншілердің ән шашулары тарту етілді. Ауыл-ауылда ұлттық киіммен, ауыл шаруашылығы техникасымен, жүк көлігімен, отбасымен, әулетімен келіп дауыс бергендер болды. Бұл қатарда Жамбыл ата ұрпақтарын даралап айтуға болады. Олар сайлауға әулетімен келіп, береке мен бірліктің үлгі-өнегесін көрсетті. Ұйғыр ауданында бір отбасынан үш буын өкілі келіп, отбасы ынтымағын, әулет жалғастығы мен жарастығын паш етті. Кеген, Райымбек, Жамбыл аудандарында ғасырдан астам әже дауыс беріп, саяси науқаннан тыс қалмайтынын білдірді. Ал Шеңгелдіде 100-ден астам тұрғын таңертең бірге дауыс беріп, саяси науқанда жауапкершілік танытты.

Жамбыл ауданындағы №325 сайлау учаскесіне жас жұбайлар қазақтың әйгілі «Қыз Жібек» эпосының басты кейіпкерлері – Қыз Жібек пен Төлегеннің бейнесінде келсе, Ұзынағаш ауылындағы №271 сайлау учаскесіне ауданға танымал Мәдениет үйінің маманы А. Асқаров пен анасы Б. Жылқыбаева көпшілікке жақсы таныс «Тақиялы періште» көркем фильмінің кейіпкерлерін сомдай отырып, өз таңдауларын жасады. Ал Қарғалы ауылындағы аудандық аурухана дәрігерлері ауыл тұрғындарына тегін скринингтік тексеру қызметін көрсетті.

Сайлаудың өз дәрежесінде өтуіне комиссия мүшелерімен қатар жекелеген адамдар, ұжымдардың да үлес қосты. Мәселен, Іле ауданының тұрғыны ұшақтан парашютпен түсіп, сайлау учаскесіне келіп дауыс берсе, қарасайлық тұрғын әуе шарымен келіп, жұртшылыққа тосынсый жасады. Қонаев қаласында желкенді спортшылар Қапшағай су қоймасын «Құрылтай. 23 тамыз» деген жазуы бар қайықтармен кесіп өтіп, №5 жағажайдағы көшпелі учаскеге келді. Роботтар үш тілде сөйлеп, сайлау көркін асырды. Мұнда тұрғындарға флайборд-шоу да ұйымдастырылды. Орталық Азиядағы дрифт-шоуға қатысушылар №949 учаскеге спорттық көліктермен келді. Қарасай ауданында мотоцикл клубының 20 мүшесі «Эндуро» мотошеруін ұйымдастырды.

Сайлау учаскелері таңғы сағат 7-де жұмысын бастады. Учаскелерде Мемлекеттік Әнұран шырқалып, комиссиялар жұмысқа кірісті. Алғашқы сайлаушылар қатарында Шеңгелді ауылындағы №956 учаскеде Қонаев қаласының Құрметті азаматы Амангелді Беспаев көпшілікке бата беріп, бұл тарихи күннің маңызына тоқталып өтті.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те Қонаев қаласындағы №949 сайлау учаскесінде дауыс берді. Өңір басшысы өз таңдауын жасаған соң, журналистерге сайлау барысы туралы айтып берді.

«Бүгін – еліміз үшін маңызды саяси күн. Мен де Алматы облысының тұрғыны әрі Қазақстан азаматы ретінде тіркелген сайлау учаскеме келіп, өз таңдауымды жасадым. Жалпы біздің өңірде миллионнан астам азамат дауыс беруге құқылы. Сайлаушыларға қажетті жағдайдың бәрі жасалған», – деді Алматы облысының әкімі. Сондай-ақ ол бүгінгі сайлау нәтижелері еліміздің одан әрі дамуына оң әсер ететініне сенім білдірді. Бұл өзгерістер Қазақстан үшін жаңа әрі маңызды кезең екеніне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында бұл сайлау ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға екенін атап өтті. Саяси шара қоғамдық диалогты жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің болашағын бірге айқындауға мүмкіндік береді», – деді аймақ басшысы.

Құрылтай сайлауы кезінде облыста 683 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Одардың 639-ы азаматтардың тұрақты тіркеуі бойынша құрылған. Ал қалған 44 сайлау учаскесі азаматтардың уақытша болу орындары негізінде жасақталған. Мұндай сайлау учаскелерінің қатарына әскери бөлімдер, тергеу изоляторлары, стационарлық емдік мекемелер, аудандық, қалалық ауруханалар кірді.

Сайлау науқаны кезінде учаскелік сайлау комиссиясының 4727 мүшесі, аумақтық сайлау комиссияларының 84 мүшесі, барлығы 4811 адам қызмет жасады. Осыншама адам саяси науқанды ұйымдастырып, өткізуге атсалысты.

Сайлаушылар тізімінде 1 042 987 адам болса, 18 жасқа толған 14 104 жас алғаш дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да қажетті жағдай жасалды. Пандустар мен арнайы кабиналар жабдықталып, техникалық құралдар әзірленді.

Бұл күні Алматы облысы аумағында тұратын белгілі ақын, жазушы, әнші, актер, спортшылар да көпшілік ортасынан табылды. Олардың қатарында Болат Әбділманов, Құдайберген Бекіш, Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер, Ұлжан Айнақұлова, Бақыт Беделхан, Қанат Тілеухан, Демеу Жадыраев, Әсем Орынбай, Құралай, Мирас Бекжановтар, Мөдір Әуелбекова, тағы басқалары болды. Сондай-ақ Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жиені әрі Д.А. Қонаев атындағы Халықаралық қордың басшысы Елдар Қонаев Қонаев қаласында дауыс берді.

Бұл күні Қонаев қаласында қоғамдық көліктер де тегін қатынап, сайлауға алғашқы болып келген, соңғы болып дауыс берген жандарға сыйлық берілді. Алматы облысында Құрылтай депутаттарын сайлау күні осындай көріністерге, жарқын бастамаларға толы болды.