Перейти к содержимому

Жаңа ойын алаңы ашылды

31 қаралым

Кеген ауылында бұқаралық спортты дамытуға және өскелең ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған балалар спорт алаңы ашылып, қолданысқа берілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудан прокуроры Алмат Данилов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қуанышбек Төлепбердиев, спортшылар, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты.

 Аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы жаңа нысанның ауыл балалары үшін маңыздылығына тоқталып, әр ауылдық округте ойын алаңдары ашылып, қолданысқа беріліп жатқандығын атап өтті.

Балаларға қуаныш сыйлаған бұл ерекше ойын алаңы Алматы облысы әкімінің қолдауымен іске асырылған.

Шара барысында жаңа нысанның ашылу рәсімі өтіп, құрметті қонақтардың қатысуымен қызыл лента қиылды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, қадірменді қонақтар жаңа спорт алаңына ақжолтай тілектерін білдірді.

Заманауи үлгіде сапалы материалдардан жасалған әткеншек, айналмақ, сырғанаққа кезек-кезек мініп, мәз-мәйрам болған балалардың қуанышында шек жоқ.

Ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден, олардың шаттанған әрбір сәтіне куә болудан асқан қандай бақыт бар?! Қолдау білдірген аудан әкімдігіне ата-аналардың алғысы шексіз.

– Бұрын балаларымыз мұндай ойын алаңында тек қалаға барғанда ғана ойнайтын. Ауылда ашылды дегенде қуанып, балаларымды ертіп келдім. Мәз-мейрам болып ойнап жүр. Көңілдерін көтеру үшін жиі-жиі келіп тұратын боламыз, – дейді ойнап жүрген балалардың әжесі Гүлбәри Бақашбайқызы.

Балалар ойын алаңы бүлдіршіндердің қауіпсіз әрі көңілді демалысына арналған жайлы орынға айналмақ.

Ал, жаңа футбол алаңы – балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына үлкен мүмкіндік.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы