«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді халқымыз. Осы бағытты ұстанып, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, шығармашылық жетілуіне ықпал етіп жүрген орталықтардың орны ерекше. Аталған межені ұстанып, 2021 жылдан бері Қонаев қаласында жұмыс істеп келе жатқан «Asyl» балалар шығармашылық орталығы да өскелең ұрпақты өнерге баулуға өзіндік үлес қосуда.
Бүгінде орталық балаларды ұлттық және заманауи бағыттарды үйлестіре отырып, жан-жақты тәрбие беру мақсатында тұрақты жұмыс атқаруда. Аумағы 700 шаршы метр болатын, екі қабатты, сабақ өткізуге толық бейімделген ғимаратта орналасқан. Онда балалар үшін жайлы, қауіпсіз және тәрбиелік мәні жоғары орта қалыптасқан. Бүгінде 500-ден астам жеткіншек тәлім алатын орталықта ұлттық және заманауи би, домбыра, фортепиано, дәстүрлі ән, сурет салу, вокал, сөз өнері, актерлік шеберлік, тағы басқа да үйірмелер бар.
«2021 жылы Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында балалардың қолөнер мен шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысуы үшін балалар үйірмесі қызметін қайта жандандыру туралы тапсырма берді. Сөйтіп, өңірлерде балалар шығармашылығын дамытуға бағытталған орталықтар жұмысын бастады. Біз де туған жеріміздің мәдениетін түлету, өскелең ұрпақтың бойына өнер дарыту мақсатында осы орталықты ашуға бел байладық. Өйткені қазіргі заманда білімді әрі өнерлі болмасаң, жаһандану көшіне ілесе алмайсың. Сондықтан әрбір бала өнер мен білімді бойына сіңіріп өсуі керек. Кезінде бұл орталық 5 мұғалім, 30 шақты оқушымен жұмысын бастаған болатын. Оқушылардың қызығушылығын оята білуіміздің арқасында соңғы жылдары ұстаздар саны отызға жетіп, оқушылар саны 500-ден асты. Өзге де қызметкерлерді қосқанда, орталығымыз 50-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Заман талабы, уақыт сұранысына орай үйірмелердің түрін көбейтіп, санын арттырып келеміз. Нарықтық сұраныс пен кадр мәселесін ескере отырып, қолымыздан келгенше балаларға қажет деген білімді беріп, өнерді үйретуге тырысып бағудамыз. Қазір Қонаев қаласына қарасты елдімекендерде бөлімшелеріміз жұмыс істейді. Бүгінге дейін орталық шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық конкурстардың жүлдегері атанып үлгерді. Әр баланың бойындағы талап пен талғамды арттырып, жақсы қасиеттерге құштарлық сезімдерін байытып, әсіресе рухани қазынасын барынша молайтып, күш-қуатын, жігерін шыңдау – абыройлы міндетіміз. Қазір қалада өтетін көптеген шараны біздің орталықтың дарынды балаларының қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Орталығымыздың күміс көмей, жез таңдай әншілері мен мың бұралған бишілері, көркемсурет бөлімінің суретшілер көрмесі кез келген іс-шараның сәнін кіргізеді, – дейді «ASYL» балалар шығармашылық орталығының директоры Әлімжан Әділжанов.
Үйірмеде тәлім алып жүрген оқушылардың ата-аналары орталыққа шын ризашылықтарын білдіріп жүр. Солардың бірі – Толқын есімді ата-ана.
– Менің жұмысым Қонаев қаласында. Алматыдан қатынап жұмыс істеймін. Осы орталықта жақсы хореограф бар екенін естіп, қызым Томиристі сол жерге би үйірмесіне беруді шештім. Қызметкерлері жақсы қабылдап алды. Қазір би үйірмесіне барып жүргеніне бес айдай уақыт болды. Үйірме жетекшісі Гаухар апай өте білімді, өз ісінің шебері екен. Қызым осы аз уақыт ішінде біраз биді үйреніп, өнерге деген қызығушылығы артып келеді. Осындай орталықтар көбейсе, балалар бос уақыттарын тиімді өткізіп, болашақта жақсы маман болуына себеп болар еді деген ойдамын, – дейді ол.
Алға қойған мақсаты – айқын, мұраты – асыл орталыққа тек сәттілік тілейміз. Қасиетті қазақ топырағынан жұлдызы ерекше жанған өнерпаздардың шығуына сеп болатынына сенеміз.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы


