Перейти к содержимому

Жаңа мектеп – жарқын болашақ бастауы

51 қаралым

Іле ауданындағы Н. Тілендиев ауылында сужаңа «Келешек мектебі» есігін айқара ашып, алғашқы қоңырау күмбірі естілді. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын нысан 900 орынды және ғимаратта 44 сынып бар. Мұнда 100-ге жуық оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап, барлығы 1 230 бала қабылданды.

Салтанатты шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналарды Білім күнімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Біз Қазақстандағы барлық балалардың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек» деп атап өткендей, өскелең ұрпаққа сапалы білім беріп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекетіміздің маңызды міндеттерінің бірі, – деді аймақ басшысы. Сонымен қатар білім саласын қолдау мақсатында өңірде атқарылған ауқымды жұмыстар мен оқушылардың жетістіктеріне тоқталды. Айтуынша, өткен оқу жылында облыс оқушылары жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша республикалық олимпиадада үздік үштікке енді, ауыл мектептері арасында командалық І орынды жеңіп алып, чемпион атанды. Қос бірдей жас дарын Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең жоғары көрсеткіші – 140 балды жинап, рекорд жасады. Сонымен қатар 1 831 мектеп бітіруші «Алтын белгіні» еншілесе, 1 675 түлек «Үздік аттестат» алды. 7 мыңнан астам оқушы мемлекеттік білім беру грантын иеленді.

Жаңа мектептің ашылу салтанатында өңір басшысы үздік ұстаздарды мемлекеттік наградалармен, Алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар үлкен өмірдің босағасында тұрған түлектермен жүздесіп, олардың сынып сағатына қатысты. Оқушылармен Ата Заңның қасиеті, «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларының мәні жайлы ашық әңгіме өрбітті.

Ауыл тұрғындары да жаңа нысанның бой көтергеніне дән риза. Солардың бірі – Қорғасбек Қожахметолла.

– Н. Тілендиев ауылында жаңа мектеп ашылғанына өте қуаныштымыз. Сол үшін Мемлекет басшысына, облыс әкімдігіне алғыс айтамын. Бұл білім ордасынан ел-жұртына қызмет ететін, ой-өрісі кең азаматтар өсіп шығады деп сенемін. Енді осы мектепте менің төрт немерем оқитын болады. Мектеп көңілімізден шықты, – деді тұрғын.

Сужаңа нысанға аяқ басқан оқушылардың да қуанышында шек жоқ.

– Өзім биология пәнін жақсы көремін әрі болашақта дәрігер болғым келеді. Бұл арманыма осы мектепте оқу арқылы бір табан жақындаймын деген үміттемін. Себебі мұнда арнайы сыныптарда түрлі тәжірибелер жасап, білімімді жетілдіре аламын. Жаңа мектеп бізге қатты ұнады», – дейді 11-сынып оқушысы Кәусар Қуанбай.

Білім күнінде Іле ауданынан бөлек Алатау қаласы, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында – барлығы 5 «Келешек мектебі» ашылды. Бұл білім ордалары 4200 оқушыға шақталған. Сондай-ақ тозығы жеткен тағы 10 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Биыл өңірде 36 мыңға жуық бүлдіршін бірінші сыныпқа қадам басты. Осылайша, жаңа оқу жылында облыстағы 502 жалпы білім беретін мектепте 384 мыңнан астам оқушы тәрбиеленеді.

Өңірде үшауысымды оқытуды жойып, сапалы білім беру мақсатында соңғы төрт жылда 75 жаңа мектеп пен 6 қосымша жапсаржай салынды. Оның 26-сы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Нәтижесінде үшауысымды білім беру ұйымдарының саны 53-тен 22-ге азайып, шалғай елдімекендердегі 6000-ға жуық оқушының тасымал мәселесі шешілді.

Жаңадан ашылған мектептерде заманауи пән кабинеттері, физика, химия және биология зертханалары, информатика, STEM және робототехника сыныптары, кітапхана, оқу залы, спортзал, асхана, медициналық пункт, мәжіліс залы, шығармашылық және коворкинг аймақтар қарастырылған. Цифрлық оқыту технологияларымен, жоғары жылдамдықты интернетпен, бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін де барлық қолайлы жағдай жасалған. Бұл оқушылардың терең білім алуына, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуына жол ашады. Өңірде инфрақұрылымды жаңарту жұмысы мұнымен шектелмейді. Кешенді жоспарға сәйкес, 2025-2027 жылдар аралығында облыстағы 91 мектепке күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Сонымен қатар EPC+F тетігі арқылы немесе мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 10 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. 

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Іле ауданы