Перейти к содержимому

Алғашқы қоңырау сыңғыры

28 қаралым

Жаңа оқу жылы – әр шәкірт үшін жаңа арман мен жаңа мақсаттың бастауы. Осы айтулы күнге орай Кеген ауылындағы Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясында 1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында салтанатты жиын өтті.

   Жиынның негізгі мақсаты-оқушыларға білімнің адам өміріндегі маңызын түсіндірумен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде қалыптасқан құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, адалдық, жауапкершілік және елжандылық қасиеттерін сіңіру.

Салтанатты шараға Кеген ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ерлік Стамшалұлы, ардагер-ұстаз Рысалды Әбдікерімқызы, ұстаздар, ата-аналар қауымы қатысты. 

Шара барысында Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Жазира Үмбетжанова және құрметті қонақтар мектеп ұжымы мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білімнің адам мен қоғам дамуындағы айрықша рөліне тоқталды. Әсіресе, Ата Заң –тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, ел бірлігі мен тұрақтылығының маңызды тірегі екені кеңінен насихатталды.

Жиында алғашқы қоңыраудың үні естіліп, мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушыларына ерекше құрмет көрсетілді. Қолдарына гүл ұстап, балғын жүректері толқыған бүлдіршіндер үшін бұл күн – өміріндегі ұмытылмас алғашқы қадамның бірі.

Шарада оқушылардың орындауында патриоттық әндер шырқалып, елдік пен бірлікті дәріптейтін көркемөнер нөмірлері ұсынылды. Салтанатты жиынның әрбір сәті туған елге деген сүйіспеншілік пен білімге деген құштарлықты арттыра түсті.

Конституция – тек заңдар жинағы ғана емес, ол – ел азаматтарының ортақ құндылықтары мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды құжат.  Сондықтан өскелең ұрпақтың Ата Заңды құрметтеуі, өз құқықтары мен міндеттерін білуі – жарқын болашаққа бастар маңызды қадам.

Білім күніне арналған салтанатты жиын көтеріңкі көңіл-күймен өтіп, ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылына деген ерекше серпін сыйлады.

Жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндіктердің бастауы!

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы