Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Сүйінбай филармониясының баянисі әлемдік байқауда топ жарды

Сүйінбай филармониясының баянисі әлемдік байқауда топ жарды

25 қаралым

Астанада баян мен аккордеонда орындаушылар арасында өтетін беделді халықаралық Coupe Mondiale байқауы өтті. Байқауда Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның баянисі Диас Елемес «Scythians» ансамблі құрамында «World Music Ensemble» санаты бойынша жеңімпаз атанып, әлемнің үздік ансамблі ретінде танылды. 23–27 тамыз аралығында өткен байқаудың ауқымын оның статистикасынан-ақ аңғаруға болады. Биылғы додаға әлемнің 50-ге жуық елінен 153 орындаушы қатысып, өнерлерін ортаға салды. Музыканттар жеті аталым бойынша бақ сынап, жүлде үшін тартысты бәсекеге түсті. Байқаудың жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрады.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар Ресей, Италия және Жапония өкілдеріне де бұйырды. Ал жеке орындаушылар арасында бас жүлдені қазақстандық музыкант Жандос Сауыт жеңіп алды. Қатысушыларға арнайы марапаттарды Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының президенті Мирко Патарини табыстады. «Scythians» ансамблінің құрамында Диас Елемес, Жандос Сауыт және Темірлан Ақынбек өнер көрсетті. Музыканттар байқау барысында қазақстандық композиторлардың шығармаларын орындап, ұлттық күйлерді баянның сүйемелдеуімен әлемдік сахнаға шығарды.«Байқауда қазақстандық композиторлардың шығармаларын орындадық. Баянмен ұлттық күйлерімізді де тарттық. Атап айтқанда, Құрманғазының және Байжұманың «Адай», «Балбырауын», «Түркмен» секілді күйлерін орындадық. Бұл – біз үшін ұлттық музыкамызды әлемдік сахнада танытудың үлкен мүмкіндігі. Баян – қазақтың дәстүрлі аспаптарына қарағанда кейінірек қолданысқа енген аспаптардың бірі. Соған қарамастан, оның мүмкіндігі өте кең. Сондықтан мұндай халықаралық байқауларға қатысып, қазақ музыкасын баян арқылы насихаттаудың маңызы зор. Бұл конкурс жыл сайын өткізіледі. Биыл тұңғыш рет Қазақстанда ұйымдастырылды. Биылғы додадағы бәсекелестік те өте жоғары болды. Қатысушылар саны бойынша рекорд орнады. Қазылар алқасы мен делегаттарды қоса есептегенде, байқауға әлемнің 50-ден астам елінен өкіл келді. Бізді қолдаған Алматы облысының мәдениет басқармасына және Сүйінбай атындағы филармонияның директоры Сәбит Әбдіхалықовқа алғысымыз шексіз», – дейді баянист Диас Елемес.Алматы облыстық филармониясының өнерпазы бұған дейін де халықаралық байқауларда топ жарған.

Диас Елемес – Атырау облысы, Құрманғазы ауданының тумасы. 2013–2019 жылдары А. Жұбанов атындағы республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында білім алған. 2019–2023 жылдары Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқуын жалғастырған. 2024 жылы Италияда өткен PIF Castelfidardo «Senior World» байқауында әлем чемпионы атанды. Ал 2026 жылы «World Music Ensemble» санаты бойынша әлем кубогының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар Германия, Бельгия, Украина, Чехия, Италия, Франция және басқа да елдерде өткен халықаралық байқауларда І дәрежелі лауреат атанған.