Жаңа оқу жылының басталуына орай, Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығы Шонжы ауылындағы қоғамдық көліктердің техникалық жағдайын тексерді.
Іс-шара барысында балаларды тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайына, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне және жүргізушілердің жауапкершілігіне назар аударды. Көліктердің оқушыларды қауіпсіз тасымалдауға дайындығы жан-жақты қаралды.
Балаларды тасымалдайтын әрбір көлік техникалық тұрғыдан жарамды болып, жол қозғалысы қауіпсіздігінің талаптарына толық сәйкес келуі тиіс. Өйткені автобустың ішінде ондаған оқушының өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік жатыр. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтау, жылдамдықты асырмау және балаларды тасымалдау кезінде барынша мұқият болу қажеттігін ескертті.
Жаңа оқу жылы барысында да оқушылардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бақылау және профилактикалық жұмыстар жалғасады. Баланың мектепке қауіпсіз барып, үйіне аман оралуы – ата-ана, мектеп және полиция үшін ортақ міндет.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы