Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / Жаңа емхана құрылысы аяқталуға жақын

Жаңа емхана құрылысы аяқталуға жақын

23 қаралым

Адам денсаулығы – қашанда басты құндылық. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда жүгінетін медициналық мекеменің талапқа сай болуы тұрғындар үшін аса маңызды. Осы орайда Райымбек ауданында бой көтеріп жатқан жаңа емхана ғимараты – көптен күткен нысандардың бірі.

Райымбек аудандық емханасының  қазіргі ғимаратының едәуір ескіргені көпшілікке мәлім. Сондықтан заман талабына сай жаңа медициналық нысанның салынуы – аудан тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Халық денсаулығына қызмет ететін жаңа ғимараттың құрылыс барысымен танысып, нысанның қазіргі жағдайын көріп қайттық.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Жаңа емхана құрылысы 2022 жылдың маусым айында басталған. Төрт қабатты ғимарат бір мезетте 250 адамға қызмет көрсетуге есептелген. Жобаның жалпы құны 4 млрд 105 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Умирзак» ЖШС мердігер компаниясы атқарып келеді.

Жаңа ғимараттың кең әрі заманауи талаптарға сай болуы тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Емхана іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындарына қолайлы жағдай жасалып, медицина мамандарының да жұмыс істеуіне қажетті мүмкіндік көбейеді.

Нысан аумағында инфрақұрылымдық жұмыстар да назардан тыс қалмаған. Ғимарат маңында екі үлкен су қоймасының құрылысы аяқталған. Аталған су қоймалары апатты жағдай туындаған кезде қосымша пайдаланылатын су қоры ретінде қарастырылған.

Алдағы уақытта емхана аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, айналасы ретке келтірілмек. Бұл жаңа медициналық нысанның ажарын айқындап қана қоймай, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға септігін тигізеді.

Көпшіліктің көңілінен шығатын жаңа нысанның ел игілігіне берілуін Райымбек ауданының халқы   асыға күтуде. Себебі жаңа емхана – жай ғана жаңа ғимарат емес, ең бастысы, халық денсаулығына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Құрылыстың толық аяқталып, заманауи емхананың өз есігін тұрғындарға айқара ашуы аудан үшін елеулі жаңалық болмақ.

Ақерке БИЖАН

 Райымбек ауданы