ҰҚК Шекара академиясының орталық саптық алаңы. Офицерлер мен курсанттар сап түзеп тұр. Бүгін мұнда ерекше шара! 2009 жылдың 8 қыркүйегінде Сарыағаш шекара отряды күзететін қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасының бойындағы Өгем тауына қарай жауынгерлік тапсырмамен ұшып шыққан «Ми-8» әскери тікұшағы апатқа ұшырады. Әп-сәтте отқа оранған темір қауыздың құрсауынан тек үш шекарашы ғана аман шыға алды… Ал саңлақ сардар, полковник Руслан Зәкиев бастаған он әскери қызметші біздің мәңгі сағынышымызға айналған.


Бұл – майорлар Илья Маткаримов, Дәулетбек Сұлтанбеков, капитандар Арман Бұқбантаев, Алмаз Өтегенов, старшина Айдос Абуов, аға сержанттар Серікқали Жолдасов, Рүстем Қасымханов, кіші сержанттар Нұрбол Мұсаханов және Бауыржан Сұлтанов. Тікұшақ жерге құлаған сәттен бастап, осынау асылдарымыз үшін екінші мәңгілік өмір басталған болатын. Өйткені, жыл сайын 8 қыркүйекте шекарашылар өздерінің қаруластарын бір минут үнсіз еске алуды, олар туралы жүректеріндегі естеліктерін айтуды бұлжымас дәстүрге айналдырған.
Міне, бүгін де ҰҚК Шекара академиясының бастығы генерал-майор П.Поливанов, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің басшылығы, отставкадағы генерал-майор М.Мәжитов бастаған шекарашы ардагерлер барлық дәуірдің шекарашыларына арналған ескерткіштің басына гүл шоқтарын қойған соң, орталық алаңда сап түзеген жеке құрам қаза тапқандарды бір минут үнсіз еске алды.
Иә, осындай сәтте бәрібір демің бітеледі… Оларды ойлағанда жүрегің өрекпи соғады. Себебі… себебі мен полковник Р.Зәкиевпен талай сұқбаттасып, сол кездегі Сарыағаш шекара отрядындағы ең мықты саналған «Арлан» десанттақ-шабуылдаушы заставасының сапында қызмет атқарған Айдос, Серікқали, Рүстем, Нұрбол, Бауыржандармен бірге ел шебін бірге аралаған санаулы журналистердің бірімін. Шекара бұзушыларды құрықтау операциялары кезіндегі олардың көз ілеспес әбжіл қимылдарының куәгерімін…
… «Тағзым» рәсімінің сөз тізгіні академия басшысы генерал-майор Павел Поливанов, ҰҚК Шекара қызметінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан саңлақ сардар Марат Әлімжанұлы, Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Қ.Тәліповқа берілді.
– Бүгінгі күні – Шекара қызметі үшін орны толмас үлкен қасірет пен қаралы күн ретінде тарихымызда қалды. 17 жыл бұрын Өгем тауында жауынгерлік тапсырманы орындау барысында өз өмірлерін Отан жолында құрбан еткен 10 ержүрек шекарашымыздың рухына тағзым ету – біздің қасиетті борышымыз.
Олар бейбіт күннің батырлары еді. Шекараны күзету – жай ғана қызмет емес, ол – Тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін өз өміріңнен де биік қою. Біздің қаруластарымыз дәл осы антқа адал болды. Олар біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, – деді полковник Қайрат Тәліпов.
Ерлер есімін ұлықтауға арналған рәсімнің соңы офицерлер мен курсанттардың салтанатты шеруіне ұласты. Айта кетерлігі, осынау шерушілердің арасында Алматы облысы бойынша департаментінің подполковник Азамат Биманов бастаған сержанттарды даярлау бөлімінің жеке құрамы да бар. Бұл – шекарашылардың 17 жыл бұрын мәңгілік шекара нарядына аттанған әріптестеріне деген құрмет болатын!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы