Перейти к содержимому

Жүректегі ауыл

33 қаралым

«Ақынын құрметтеген ел озады» деп бекер айтылмаса керек. Кеген ауданы Ақай Нүсіпбеков ауылындағы Мәдениет үйінде ақын Нұрбақыт Күрдешбайдың «Жүректегі ауыл» атты жыр жинағының таныстырылымы өтті.

Әдеби кешке туған өлкесінің талантты тұлғаларына ықылас танытып жүрген Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мақсат Ережеп, спорт саңлақтары Ермұрат Қайыпжанов, Асхат Қасымханұлы және ауыл тұрғындары қатысты.
Шараның мақсаты – ақын Нұрбақыт Күрдешбайдың өмір жолы мен еңбектерін таныстыру. Жас ұрпақты адамгершілікке, рухани тазалыққа үндеп, терең мағыналы һәм оқырманға ой салар туындылар жазып жүрген қаламгердің шығармашылығын дәріптеу. Кешке жиналған көпшілік ең алдымен Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысты. Онда академик Ақай Нүсіпбековтің еңбектері, жергілікті суретші Болат Сәрсенбайдың туынды­лары және ақын-жазушылардың кітаптары қойылды.
Шара шымылдығы ақынның құрдасы Жанұзақ Нүсіпұлының орындауындағы «Ауылым» әнімен ашылды. Кездесу ашық, еркін форматта өрбіді. Онда қаламгердің өмірі, шығармашылығы, оның руханият, қоғамдағы өзгерістер туралы көзқарасы кеңінен сөз болды.
Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рүстем Жеңісұлы:
– Біздің ауылда үлкен той. Сонау Құлмамбет, Бөлтіріктен қалған сарынды бүгінге жеткізген ақын ағамыз Нұрбақыт Күрдешбай­дың «Жүректегі ауыл» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсіміне қош келдіңіздер! – дей келе, жақсылықты жар салуға жиналып отырған ақынның құрдастары мен ауыл азаматтарына, кітаптың жарыққа шығуына септігін тигізген ардақты ұстаз Шәрбану Демесіноваға және құрметті қонақтарға алғысын білдірді.
Кеген, Райымбек аудандарының Құрметті азаматы, прокуратура саласының ардагері Әскелен Сатыбалды, ақынның құрдасы Бақберген Табылғанов, спорт шеберлері Ермұрат Қайыпжанов, Асхат Қасымханұлы, ардагер-ұстаз Шәрбану Демесінова, «Ұлағат» әжелер отауының төрайымы Кербез Шүңгілова, өлкетанушы Болат Сәрсенбай қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып, сый-құрметтерін көрсетті.
Бұдан кейін жаңа жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Ауыл ақсақалы Серік Ұзақов көп­шілікке ақ батасын беріп, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Ақынның шәкірті, «Жүректегі ауыл» жыр жинағының редакторы Мақсат Ережеп аталған кітаптың әрбір парағы ауылдың тарихын, туған жердің қадірін, елдің өнегесін ұрпаққа жеткізетін құнды еңбек екеніне тоқталды. Автор оқырманды туған жердің қадірін білуге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге және ата-баба мұрасын ұмытпауға үндейтінін жеткізді.
Кітаптың алғысөзінде белгілі қаламгер Есей Жеңісұлы: «Қарапайым еңбеккер Нұрбақыт Күрдешбай аудандық, облыстық, тіпті респуб­ликалық айтыстарға қатысқан. Ауыл жұрты айтыста айтқанын тамсана қайталап, дүр көтеріліп қалатын. Ештен кеш жақсы. Нұрбақыт ағаның өлеңдері – ауылымыздың жылнамасы, әдемі тарихы, сағынышқа толы естелігі. Ендеше оның да оқырман игілігіне айналатын сәті соқты. Сартап сағынышқа дендеп еніп, жұтылып кете бермей, оны өлеңге айналдырғаныңыз қандай жақсы, аға! Жазарыңыз таусылмасын», – деп ұстазының шығармашылығына өз бағасын берген.
Кездесу сыр-сұхбатқа ұласты. Ақын көпшілікке арнап жалынды жырларын оқып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Өлеңсүйер қауымға алғысын білдіріп, жаңа жыр жинағына қолтаңба берді. Мәдениет үйінің қызметкерлері – Сәния Қонақбаева, Арайлым Исрайыл, Гүлбақыт Баймұхаметқызы әсем әндерді орындап, кештің шырайын кіргізді.
Туған жерді жырға қосу – елдікті ұлықтау. Ал жүректен шыққан өлең – ұрпаққа қалатын рухани мұра. Жиналған қауым ақын кешінен рухани азық алып қайтты.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы