Еліміздің қазір қайсы түкпірінде болсын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» жөніндегі шаралар туралы Жарлығының жаппай қолға алынып, іс жүзіне асып жатқаны жанға жылылық сезімін ұялатады. Кітапқа деген ұмтылыс пен құлшыныс мерейіңізді үстем ете түседі. Мұның бәрі өзімізге деген ортақ қуаныш екені сөзсіз. Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды ауылындағы орта мектептің Абай аудиториясында «Кітап – біздің досымыз!» атты тақырыпта кең көлемде ұйымдастырылған іс-шара – осы сөзімізге айқын дәлел. Игілікті істің ойдағыдай өтуіне өңірдегі мектеп мұғалімдері, ауылдық ардагерлер мен «Асыл ана» ұйымдары мұрындық болды.
Шараның беташар рәсімін Қырғауылды ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Леміс Әбдікерімов және орынбасары Қыдырбай Әбдіразақ кіріспе сөз сөйлеп ашып, басқосуға жиналған қауымға өздерінің ыстық ықыласын білдіріп, іске сәттілік тіледі. Бұдан кейін халыққа Мемлекет басшысы ұсынған жеті кітап төңірегіндегі әңгіме мен пікірталас өріс алып жүре берді. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» эпопеясына сараптама жасаған Қырғауылды орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Болған Тәшенова аталған шығарманы жан-жақты терең зерттеп, бес саусағындай жақсы білетін ұстаз екенін дәлелдеді. Кезекті сөз алған Абай ауылындағы «Абай-1» орта мектебінің мұғалімі Ранай Сансызбаева Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Қарғын» романы жайында ой сабақтады. Осынау басқосуда Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі Ақниет Қонарбаева және тарих пәнінің мұғалімі Табарак Ризабекұлы танымал жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романы жайлы жан-жақты жақсы талдау жасағанын айтпай кетсек, кемістік жасаған болар едік. Осыдан кейін таразы талқысына түскен қазақ мақтанышына айналған жазушы Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» атты шығармасы болды. Бұл жөнінде ұстаздар Кенжегүл Төлеу мен Мереке Күзембаева да өз ойын жеткізді. Ендігі бір сәтте К.Ушинский атындағы орта мектептің мұғалімі Дәуренбек Досболов Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» романын талдады.
Шарада атақты жазушы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романы да талқыға түсті. Аталған шығарма жайлы Абай атындағы орта мектептің ұстаздары Әйгерім Батанова мен Әйгерім Жүнісбай тың пікір білдірді. Екі ұстаз да тарихи романның қамтып отырған деректері мен дәйектерін рет-ретімен басынан-аяғына дейін байыппен әңгімелеп берді. Қос ұстаз аталған шығармадан басқа Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары», «Қыпшақ аруы», «Тазының өлімі», тағы басқа көптеген шығармасын сөз етті. Жиында Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Маржан Тоқышеваның көптеген тарихи романның авторы атанған Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділеріне» өте мұқият дайындалып келгенін көрсете білді. Мәні мен маңызы жоғары бұл үлкен іс-шарада ауыл ақсақалдары Леміс Әбдікерімов, Қыдырбай Әбдіразақ және Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов, «Асыл ана» ұйымының төрағасы Ұлтай Барқыновалар қорытынды сөз сөйлеп, ұстаздар қауымына кітап оқуды дамыту ісіне үлкен үлес қосып, Президент Жарлығын жүзеге асыруға белсене атсалысқандары үшін алғыс білдірді. «Кітап – біздің досымыз!» іс-шарасы басқа мектептер үлгі алатындай салтанатты жағдайда ұйымшылдықпен өтті.
Қанат ТӘКЕБАЕВ
Қырғауылды ауылы,
Қарасай ауданы
