Жыр алыбы Жамбыл шығармашылығы тек қазақ халқына ғана емес, бауырлас қырғыз еліне де етене жақын. Ақынның 180 жылдығына орай жуырда Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылдық Мәдениет үйінде өткен «Қырғыз, қазаққа ортақ ақын – Жамбыл» атты әдеби-сазды кеш осыны айғақтай түсті. Шалғай ауылдағы шара жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен ерекшеленді.
Жамбыл Жабаев – қазақтың халық поэзиясын биікке көтерген, айтыс өнерінің ақтаңгері, ғасырдан ғасырға жеткен мол мұра қалдырған ұлы тұлға. Жамбылдың белгілі қырғыз ақыны Тоқтағұл Сатылғановпен арасындағы сыйластық пен шығармашылық байланыс – екі халықтың рухани достығының жарқын көрінісі. Екі алыптың өнері мен өнегесі қазақ-қырғыз әдеби-мәдени байланысының алтын арқауына айналды.
Кеш шымылдығы Жамбыл мен Тоқтағұлдың кездесуін көрсеткен театрландырылған қойылым үзіндісімен ашылды. Жамбылдың бейнесін Жамбыл ауылдық Мәдениет үйінің директоры Ермек Шаштайұлы, ал Тоқтағұлдың рөлін Сұраншы батыр ауылдық Мәдениет үйінің дыбыс операторы Айдос Серікбай сомдап, көрерменге қос ақынның рухани үндестігі мен достығын әсерлі жеткізді. Қойылымнан кейін мерекелік концерттік бағдарлама өз жалғасын тапты. Онда Шиен ауылдық Мәдениет үйінің директоры Роза Қауменова қырғыз халқының «Сағынамын» әнін орындап, бауырлас елдің ән өнерін паш етті. Сарыбай би ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері, әнші Гүлжанат Серікбай «Харарай» әнін шырқаса, Үңгіртас орта мектебінің оқушысы Шұғыла Құрбанбай Жамбыл Жабаевтың «Угай-ай» әнін нақышына келтіре орындады.
Домбыраның күмбірлеген үні де кештің ажарын аша түсті. Үңгіртас ауылдық Мәдениет үйінің жанындағы домбыра үйірмесінің шәкірті Ақниет Қайрат «Кербез сұлу» күйін шертсе, аталған үйірменің жетекшісі Мейрамбек Сүндетов «Ерке сылқым» күйін шебер орындап, көрермен ықыласына бөленді. Сондай-ақ ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеген «Асылым» би үйірмесінің қыздары «Шашу» биін билеп, сахна сәнін келтірді. Сонымен қатар үйірменің кішкентай бүлдіршіндері қазақ пен қырғыз халқының достығын бейнелейтін әсерлі би орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Би үйірмесінің жетекшісі Жанбота Әбзелбай екенін атай кеткен жөн.
Кеш барысында Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінен арнайы әкелінген жәдігерлерден көрме ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының назарына ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды дүниелер ұсынылды. Ұлы ақынның өнегелі өмірінен сыр шертетін жәдігерлерді ыждағатпен тамашалаған келушілер Жамбылдың артында қалдырған мол рухани және материалдық мұрасына қаныға түсті.
Жамбыл мен Тоқтағұлдың шығармашылық үндестігі – қазақ пен қырғыздың тамыры бір, тарихы мен мәдениеті сабақтас бауырлас халықтар екенін айғақтайтын рухани құндылық. Екі ақын да халқының мұңын жырлап, ел бірлігі мен татулығын, адамгершілік пен ізгілікті шығармаларына арқау еткені белгілі. Сондықтан Жамбыл мен Тоқтағұл есімдері екі елдің әдебиеті мен өнерінде мәңгілік бірге жасай бермек.
Әдеби-сазды шара соңында Үңгіртас ауылдық Мәдениет үйінің директоры Салтанат Алтынбай тағылымды кешке атсалысып, өнер көрсеткен бірнеше ауылдық Мәдениет үйлерінің өнерпаздарына, сондай-ақ Жамбыл музейінің қызметкерлеріне алғыс айтты. Сондай-ақ үнемі осындай мәдени-көпшілік іс-шаралардың басы-қасынан табылатын Үңгіртас ауылдық округінің ардагерлер және аналар кеңесінің төрағасы Күлшар Асылбекова құттықтау сөз сөйлеп, тұрғындардың ризашылығын жеткізді.
Жыр алыбы Жамбылдың 180 жылдығына арналған тағылымды кеш – ұлы ақынның шығармашылығын насихаттап қана қоймай, қазақ пен қырғыз халықтарының достығы мен рухани сабақтастығын дәріптеген мәні зор мәдени шара болды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Үңгіртас ауылы,
Жамбыл ауданы