Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев іссапармен Балқаш ауданына барды. Бақанас ауылына жуырда ғана газ тартылған еді. Бүгінде мұндағы 1100 отбасының 650-і көгілдір отынға қосылуға ықыласты. Алғашқы болып Қонаев көшесі, №271 үй көгілдір отынға қосылды. Бұл сәтке облыс әкімінің өзі куә болды. Үй иесі, көпбалалы, жалғызбасты ана Алма Тәжібаеваның қуанышында шек жоқ.
«Осыдан 9 жыл бұрын мемлекеттің қамқорлығын сезініп, баспаналы болып едім. Бүгінде сол қуанышым еселеніп, көгілдір отынға тегін қосылу мүмкіндігіне ие болдым. Көпбалалы аналарды қолдап жатқан облыс, аудан басшылығына алғыстан басқа айтарым жоқ», – деді.
Марат Елеусізұлы да ақ тілегін жеткізіп: «Мемлекет тарапынан қолдау әрдайым жалғаса береді. Аналар мен балаларға қамқор болу – біздің басты парызымыз. Енді көмір жағып, қиналмай, жылы үйде отыратын боласыз. Шаңырағыңыз лайым шаттыққа толып, үйіңізден құт-береке кетпесін», – деді.
Бұдан соң аймақ басшысы округ әкімдері, шаруа қожалық иелерімен кездесіп, мал, егін жайын сұрады. Мұндағы егіншілердің көбі жоңышқа, арпа, бидай, күріш өсіреді. Олардың бәрінің проблемасы ортақ. Өйткені, өңірде су мәселесі өзекті. Күріш өсірушілер судың жетіспеуінен егістік алқабы азайып, шығынға батып жатқанын айтты. Жеке қожалық иелері жайылымдық жердің тапшылығын, жердің біраз бөлігі орман шаруашылығына қарайтындықтан, жалға алатынын, бірақ онда үй салуға болмайтынын алға тартты.
Облыс басшысы бұл мәселемен жете таныс екенін, оны шешу мақсатында шешім қабылданып, Тасмұрын магистральді каналына тағы бір ағытпа қосылатынын, ол арқылы бірқатар мәселе шешілетінін жеткізді.
– Жалпы егістік алқабын суару бойынша интенсивті технологияға көшу керек. Тамшылатып суару әдісі арқылы суды үнемді пайдалануға болады. Бұл әдіс қазір көп жерде қолданылуда. Одан бөлек мал, егін шаруашылығын дамыту бойынша түрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Субсидия, жеңілдетілген несие алып, жұмыстарыңызды ары қарай өркендетуді ойлау керек. Бұл орайда аудан, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, әрекет жасау қажет. Бірқалыпта жүре берсеңіздер еш нәтиже шықпайды. Шаруашылықты дамытқанда ғана, ауылда тіршілік маздайды. Осы реттегі үлкен жұмыс – ауданның жағдайын көтеру, халықтың тұрмысын жақсарту. Бізде көп шаруашылық субсидия алмайды, сол себепті даму жоқ. Малды асылдандыру бағытында жұмыс істеу керек. Ауылда шаруашылықтар өркендемесе, ол әкімнің қалай жұмыс істейтінінің, бұл ретте дұрыс насихат жасай алмай жатқанының көрінісі, – деді.
Бұдан соң аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Балқаш ауданының тұрғындарымен есептік кездесуі өтті. Онда әлеуметтік мәселелерге назар аударылып, оны шешуге барынша мән берілді. Жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділов жүргізді.
Алғашқы болып Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов есеп берді. Ол облыс әкімінің биылғы Балқаш ауданы халқымен кездесуінде 17 мәселе көтеріліп, олардың 9-ы орындалғанын, 8 мәселе орындалу үстінде екенін тілге тиек етті. Аудан әкімінің тұрғындармен 56 кездесуі өтіп, онда 232 мәселе көтерілген, 199-ы толық шешімін тапқан, 33-і бақылауда. Аудан бойынша 28 проблемалық сұрақ көтерілген. Бүгінгі күні оның біреуі орындалды, 27-сі орындалу үстінде, жыл аяғына дейін олардың 4-еуі орындалмақ.
Келесі кезекте облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев облыстың әлеуметтікэкономикалық даму бағыты туралы баяндады.
– Облыс экономикасын дамытудың негізгі драйвері – агроөнеркәсіптік кешен, өйткені халықтың 84 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі бойынша Алматы облысы 9,6 пайыздық үлеспен Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан кейін үшінші орындамыз. Биыл облыс бойынша 457,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,2 мың гектарға ұлғайды. Балқаш ауданының барлық егіс алқабы 29,8 мың гектарды құрап отыр. Күзгі дала жұмыстары толығымен аяқталып, 15,0 мың тонна арпа, бидай, 30,5 мың тонна күріш дақылы алынды. Ауыл шаруашылығын дамытудағы проблемалардың бірі машина-трактор паркінің тозуы болып саналады. Мәселен, ауданда бар 1430 ауыл шаруашылығы техникасының 47 пайызға жуығы жаңартуды талап етеді.
Бүгінде жаңа 12 техника алынып, ауыл шаруашылығында пайдаланылуда.
Мал мен құстың саны облыс бойынша орта есеппен 3,5 пайызға өсті. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын 2023-2027 жылдарда дамыту» өңірлік бағдарламасы аясында облыс шаруа қожалықтарына 6 млрд теңге бөлінді.13 мың бас ірі қара және ұсақ мал сатып алынды. Оның ішінде, Балқаш ауданы бойынша «Ынтымақ» шаруа қожалығына 480,0 млн теңгеге ірі қара мал алуға «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан жеңілдетілген несие берілді. Береке ауылдық округінің «Ынтымақ» шаруа қожалығы 660 бас асыл тұқымды герофорд ірі қара малын сатып алды.
Аудан халқының негізгі кәсібі мал және ауыл шаруашылығы болғандықтан, қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тарту – қазіргі таңдағы өзекті мәселе. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау үшін өнімдерді Алматы қаласының сауда желілері мен азықтүлік базарларына бірігіп жеткізуді ұйымдастыру да – маңызы зор іс.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға облыс бойынша 8,3 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған Бүгінде 9,5 млрд теңгеге 1 337 өтінім түсіп, оның ішінде, 4,7 млрд теңгеге 657 өтінім сараптау комиссиясында мақұлданды. 369 өтінім бойынша 2,6 млрд теңге несие берілді. Балқаш ауданы бойынша 130 өтінім түсіп, бүгінде 72 адам 474,4 млн теңге несие алды. Осы бағытта жұмысты жандандыру қажет.
Облыс бойынша 604 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталып, оның 181 мыңы қайтарылды. Балқаш ауданында 125 мың гектар жер анықталып, 39 шаруашылықтан 56 мың гектар жер телімдері мемлекеттік жер қоры есебіне берілді.
Ауданға 4,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 107,9 пайызды құрады. Өңірде 15,2 мың тонна ет, 24,3 мың тонна сүт, 2,7 млн дана жұмыртқа өндірілген. 2 714 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, олардың 541-і биыл ашылған. Түскен салық мөлшері 496 млн теңгені құрайды. Өсім – 1,2 пайыз.
Алдымызда тұрған маңызды мәселе – тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету. Биыл Балқаш ауданы бойынша 5,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспанамен қамту былтырғы жылмен салыстырғанда 39,4 пайызға азайған, – деді облыс әкімі.
Ары қарайғы сөзінде облыс басшысы облыста елдімекендерді газдандыруға айрықша көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Балқаш ауданындағы 28 елдімекеннің 4-уіне газ жүргізілген. Бүгінгі күні Бақанас ауылының алғашқы тұтынушылары газға қосылды.
Балқаш ауданында 28 елдімекеннің 20-сында су бір орталықтан қамтамасыз етілсе, 8 ауылда орталық су жүйесі жоқ. Биыл Жиделі ауылының сумен жабдықтау жүйесі қайта жаңғыртылып, қолданысқа берілді.
Қазіргі таңда ауданның 28 елдімекенінің 23-і кең жолақты интернетпен және мобильді байланыспен қамтамасыз етілген. 5 ауылда мобильді байланыс пен интернет жоқ. «КаР-Тел» серіктестігі («Билайн» сауда белгісімен) Қоскүмбез ауылын 2024 жылы 4G стандартты мобильді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде 2027 жылы жоғары жылдамдықты интернетпен Қасқаөгіз, Арқар ауылдарын қамтамасыз ету көзделген. Қошқарбай, Аралқұм ауылдарын интернетпен қамтамасыз ету мәселесі алдағы уақытта қарастырылмақ. Ауданда орналасқан 22 мектептің 15-і талшықтыоптикалық байланыс желілері, 3 мектеп радиокөпір, 4 мектеп спутниктік технологиясы арқылы интернетпен қамтамасыз етілген.
Балқаш ауданы бойынша Қарағаш орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама жасалынып, 2024 жылға бюджеттік өтінім енгізілді. М.Сеңгірбаев атындағы орта мектептің және «Арман» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстарына жобалаусметалық құжаттамалар жасалынуда.
Ауданда 22 жалпы білім беретін мектеп, 8 балабақша мен 14 шағын орталық жұмыс істейді. Тұрғындарға 23 емдеу мекемесі қызмет көрсетеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20242025 жылдары 38 нысан салу көзделуде. Оның ішінде, Балқаш ауданы бойынша Қараой ауылына дәрігерлік амбулатория, Миялы, Көкжиде ауылдарына фельдшерлік-акушерлік пунктер, Бура ауылына медициналық пункт салу жоспарлануда.
Ауданда дәрігерлерге тапшылық бар. Олар – отоларинголог, офтальмолог, акушер-гинеколог, инфекционист, анестезиолог-реаниматолог, невропатолог, ревматолог, педиатр мамандары.
Өңірде биыл 74 қылмыс тіркелген, 194 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл салынған.
Әкімнің баяндамасынан соң, кездесуге жиналған тұрғындар өз сауалдарын қойып, бірқатар мәселелерді көтерді. Көпшілікті толғандырған сұрақ – ауылдарда дәрігерлердің жетіспеушілігі. Кейбір мамандар аптасына бір-екі сағатқа ғана келіп кетеді. Ол арқылы науқастарды мазалаған сауалдар шешімін таппайды. Электр жарығы жиі өшеді. Балықты токпен ұрып аулау да белең алып барады. Одан майшабақтар да зардап шегеді. Қонаев – Бақанас жолы да қауіпті жолға айналды. Малдың тасжолға шығып кетуінен апатты жағдайлар жиі орын алады. Мал қорымы да талапқа сай жұмыс істемейді. Мал өлекселері әр жерде жатады. Қасқырлар да төрт түлікке шауып, мал шығынын көбейтуде. Кекек шөбінің көбеюі де малға зиянын тигізуде.
Көпшілікті толғандырған осы мәселелерге орай облыс басшысы былайша ой түйіндеді:
– Дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесін оларды баспанамен қамтып, жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау арқылы шеше аламыз. Қазіргі таңда телемедицина дамуда. Сол бойынша жұмыс істеу жағын қолға алып жатырмыз. Ол дұрыс жолға қойылса, біраз мәселе шешіледі. Қазіргі таңда 15 ауылдық округтің 11-інде мал қорымы бар, 4-еуі енді салынады. Олардың қалай жұмыс істеп жатқанын сараптайтын боламыз.
Бұл елдімекенде жел қатты соғатындықтан жарық жиі өшеді. Басқа жағдайлар толық бақылауда. Броконьерлік бойынша биыл 13 қылмыс тіркелді. Онымен күрес жалғасуда. Тас жолда малдың шығып кетуіне орай апатты жағдай орын алатыны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Кекек шөбі бойынша, институттан сараптамалық қорытынды күтіп отырмыз. Оның қаншалықты зияндығы қорытынды алған соң белгілі болады. Одан кейін бұл бағытта шара қолданамыз.
Қауіпсіздік мәселесін әрдайым бірінші орынға қоюымыз керек. Жалпы, аудандағы жағдай тұрақты, әрі қарай да көпшілікті толғандырған мәселе бойынша жұмыс істейтін боламыз.
Бұдан соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Алма Есенбай,
Балқаш ауданы