Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ағартушы, ақын, композитор Қапез Байғабылұлының 130 жылдығына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Қапез Байғабылұлы – ағартушы, әнші-композитор, тілші және ел мұрасын жинаушы» деп аталған конференцияда елімізге белгілі ғалымдар, публицистер, жазушылар баяндама жасады, ұсыныс-тілектерін айтты.
Бейнебайланыс арқылы Құрылтай депутаттары Жанарбек Әшімжан, Нұрбақыт Теңізбаев және ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин құттықтау жолдады. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілі Төлеужан Ғұмаров, Қазақстан Жазушылар одағының атынан «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып жиналғандарға лебізін жеткізді.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрғанжан Төлебаев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, архивист Рашид Оразов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, докторант Нұржұма Елесбай, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі, халық әні кафедрасының доценті Бағлан Бәбіжан, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың докторанты, ҚР Ұлттық кітапханасы сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің ғылыми қызметкері Ертай Біләл, философия докторы Ақайдар Құрманбек және басқалары толымды баяндамалар жасады.
Конференцияда Қапез Байғабылұлының қос томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазы мен шәкірттері Қапез әндерін шырқады.
Өз тілшіміз