Барша маналы өмірін бір салада тұрақты жұмыс істеуге арнау екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт шығар?! Меңгерген мамандығының қыр-сырына жете қаныққан, кәсібінің шынайы шебері атанған, бойындағы бар махаббаты мен мейірін осы бағытқа жұмсай білгендер ғана арман-мұратына жететіні анық. Бұл тұрғыдан алғанда Балқаш ауданына қарасты Құйған ауылында туып-өскен Өмірбек Мұстафаұлының атқарған қызметі осыған лайықты деуге болады. Ол саналы ғұмырын толықтай банк жүйесінің қызметіне бағыштаған азамат. Бұрынғы Күрті аудандық банк қызметкері болудан еңбек жолын бастаған Өмірбек осы мекемені отыз жылдан астам уақыт басқарды. Өзіне көрсетілген сенімді ақтады. Шәкірттерін баулыды. Абыройы артып, беделі биіктеді. Тәлімді тәжірибе жинақтады. Бүгінде мерейлі сексен жасқа толған Өмірбек Мұстафаұлын туған күнімен құттықтай отырып, мерейтой иесінің өмір жолын өрнектейтін жыр-дастанды ұсынып отырмын.
Сексенің құтты болсын желіп жеткен,
Кемелдендің өзің де көріп көптен.
Қатар жүрдің иықтасып жайсаңдармен,
Көңіліңді марқайтып көрікті еткен.
Заңғар көктей сексеннің қыр асқандай,
Сергектікпен келесің құлаш талмай.
Сілтей бергін құлшынып алға қарай,
Күш-жігерің жастыққа ұласқандай.
Аралтөбе құмында асыр салған,
Ұяң ұл ең әкеден бәсіре алған.
Талаптанып оқуға, білім қудың,
Күткендей-ақ өзіңді ғасыр алдан.
Демеу күткен бір Алла-жаратқаннан,
Өршіл едің тек өрге талаптанған.
Күш-жігерді еліңе жұмсағын деп,
Жетеледі биікке қанатты арман.
Бастан кешіп тіршілік қарбаласын,
Мекен етіп аймақтың Ақдаласын.
Ұзақ жылдар қоғамның қойын бағып,
Мұстафа әкең өсірді бар баласын.
Мұстафаны ер десіп дана сынды,
Мейір төккен Мәкендей анашыңды.
Ел сыйлайтын текті деп көпті
көрген, Пейілдері кең дейтін дала сынды.
Өмірәлі ағаң да ширақ еді,
Тым елгезек, ақ пейіл, ибалы еді.
Тура атамай атын да, Қалқан десіп,
Құрмет тұтты, ардақтап, сыйлап елі.
Дәнипа әпкең жан еді қабағы ашық,
Ел-жұртымен жүретін араласып.
Дәстүр-салтын қазақтың берік сақтап,
Нық жүретін қадамын сара басып.
Өмірәлі, Дәнипа – ізгі жанды,
Өзі беріп құдайдың өзі алды.
Озғанымен өмірден олар мәңгі,
Ата тегін жалғайтын ізі қалды.
Өмір қатал. Жазмышқа бағынасың,
Құлатқанмен сұм ажал тағын-тасын.
Жадыраған жандарды жаз күніндей,
Бүгін ойлап, бейнесін сағынасың.
Сынығындай алтынның тұяқтарын,
Қамқорлыққа алдың сен жиып бәрін.
Шайқалтпадың ағаңның шаңырағын,
Көрсетпедің таршылық, қиналтпадың.
Отбасының көтеріп ауыр сынын,
Жастайыңнан қатайды қауырсының.
Жаның ашып көген көз бауырыңа,
Буындарын бекіттің буыршынның.
Білім берген әр үйдің еркесіне,
Қызмет еткен туған жер өлкесіне.
Әнияшты ұстаз деп таниды елі,
Түйіп өскен мейірді зердесіне.
Инабат пен ибалық үлгісіндей,
Жүзі жайнап жүретін гүл түсіндей.
Әния да жасынан еңбекқор-ау,
Атқаратын міндетін бір кісідей.
Қамқор болар әулеттің жұратына,
Үлкен сенім жүктелген Мұратыңа.
«Азамат бол ардақты» – деп тілейсің,
Дақ түсіре көр ме деп ұл атына.
Қоныстарың болса да алыс-қашық,
Ынтымақты тілекпен қол ұстасып.
Ошақ отын маздатқан әулетіңде,
Сезінесің жатқандай табыс тасып.
Бітірді де мектепті – онжылдықты,
Сәті түсіп болды да жолы құтты.
Ата дәстүр салтымен отау тігіп,
Шымылдыққа түсірдің қалыңдықты.
Зухрамен екеуі қосылғанда,
Бақытты өмір тұр еді тосып алда.
Мәкен ана жүгірді сүйіншілеп,
Хабар беріп жақын маң, ауылдасқа.
Зухра да тербетті бесігіңді,
Сәби енді кең ашып есігіңді.
Қыздар өсті. Ұзаттың тойын жасап,
Басқа қонған бақыт бұл осы күнгі.
Үкілеген бір әулет тұлпарысың,
Самғап ұшқан шырқауға сұңқарысың.
Өскен елдің ат жалын тартып мінген,
Сансыз ата, Шолпанқұл ұрпағысың.
Бабаң текті, асылдар тұяғысың,
Тосқауылын елемес қия-құздың.
Зымыранмен жарысқан қиял-құсың,
Тартып туған затыңа – ұялысың.
Арман-оймен барлаған шартарабын,
Ұлан едің тым алғыр нар талабың.
Банктердің меңгеріп тылсым сырын,
Таудай жүгін заманның арқаладың.
Болса егер балалық шағың қандай,
Дақ түспеген тап-таза арың қардай.
Маңдай терің төгілген бағаланып,
Қаржы жиған банкте бағың жанды-ай.
Көп жыл банк делбесін ұстадың сен,
Қабілетті іскерлікпен ұштадың сен.
Көркейтуге қатыстың Күрті ауданын,
Құрылыс сап, жаңарттың қыстағын сен.
Кіріс табу жолының қиындығын,
Есепшіге ұқтырдың тиын құнын.
Атандың сен банктің ақиығы,
Алдан шықты жақсылық, сыйың бүгін.
Іскерлікпен дөп басып көңілдерін,
Билік жақтың ақтадың сенімдерін.
Әділдікті жақтадың, сол себепті,
Тартыстарда кезіккен жеңілмедің.
Қиын-қыстау өмірдің бұлаңынан,
Өтіп жүрдің сыр бермей сынағынан.
Адалдықты көтеріп жалау етіп,
Аулақ жүрдің дұшпанның лаңынан.
Жармаспадың жағаға дөкейсініп,
Еш пендені көрмедің өгейсініп.
Жебе болып қадалдың керек кезде,
Қаймықпадың зәбірден үрейсініп.
Бармадың сен біреуді арбауға да,
Байқаусызда түспедің алдауға да.
Даңғазадан шулаған шеттеу жүрдің,
Айқай-шуға бекіндің бармауға да.
Тығырыққа тұрса да тіреліп те,
Даурықпалы кеудем соқ өр, елікпе.
Бой бермейтін даукестің мысын басып,
Жүгіндірдің дат айтып төрелікке.
Шайқатпадың ешкімге тұнығыңды,
Білмедің де тайсақтап бұғынуды.
Қол жеткіздің құрметке еңбегіңмен,
Маңайыңа таратып жылуыңды.
Шуақ шашып жүрдің сен бар адамға,
Жәрдемдестің үмітпен қарағанға.
Ет жүрегің елжіреп тұратын-ды,
Жақын келіп жаныңа жанағанға.
Ағайынды сыйладың, елжіредің,
Баурай білдің сөзіңмен ел жүрегін.
Жылы жүзбен достарға құшақ жайып,
Құрақ ұшып үкідей желбіредің.
Елгезексің. Паңдық жоқ жүрісіңде,
Нұр төккендей мейір бар күлісіңде.
Өнеге бар, үлгі бар әр ісіңде,
Тапқырлықтың білесің әдісін де.
Бүкпедің сен көңілдің қалтарысын,
Көп те көрдің өмірдің алпарысын.
Дақ түсірмей ақ сезім айдынына,
Ардақ тұттың адамның ар-намысын.
Қызмет еттің үздіксіз еліңе сен,
Маңдай терді сіңірдің жеріңе сен.
Әділдікті арыңдай биік ұстап,
Құрметіңді көрсеттің бәріне сен.
Мұқалмадың мойылып, сағың сынып,
Басқа қонған бұл-дағы бағың тұнық.
Білгірлікпен атқарған ісің үшін,
Жұрт сыйлады, адами жаныңды ұғып.
Береріңді бердің сен өз еліңе,
Аларыңды алдың сен кезегінде.
Өкпең де жоқ бір мысқал Жаратқанға,
Дәуірледің дәуірдің кезеңінде.
Ел ішінде дәп саған сезім де ерек,
Сәлем берді талай дөй сөзіңді елеп.
Кемелдікті сендегі ұға біліп,
Бас та иді болған соң өзің зерек.
Самалындай Балқаштың өбіп беттен,
Ықыласын айтатын төгіп көптен.
Достарың бар шындықты сүйетұғын,
Туысқандай бір туған болып кеткен.
Ары таза адамды – алтын құймақ,
Сап түзетіп қатарға алдың жинап.
Адамдармен зиялы бірге жүріп,
Қошеметін көрсетті халқың сыйлап.
Сен осындай бақытты Өмірбексің,
Шапағатын көл-көсір Тәңір төксін.
Алға бастап әулеттің өмір көшін,
Жарқырасын жұлдыздай көңіл хошың!
Күш-қуатың молайсын екпін дарып,
Кәрілікке бой берме, өткін жарып.
Ұрпағыңа байсалды ата атанып,
Саған Тәңір сыйласын көп күн жарық.
Өмірбексің, баяғы қалыптасың,
Қарлығашы көңілдің қалықтасын.
Атқаратын жұмысты жан-тәніңмен,
Дүйім жұртқа белгілі жалықпасың.
Шаттықпенен атырып таңдарыңды,
Немереден, бұйырса, шөбере көр.
Балбөбекті иіскеп, мейір қанып,
Бәйтеректей жайқалып көгере бер.
Ата текті ұрпағың жалғастырып,
Ұлағатты үлгіңді алға астырып.
Сүйсіндіріп ләйім қуандырсын,
Бата беріп төрде отыр малдас құрып.
Аламанға қосқандай құнанды бір,
Өмірбектей ұлықтап ұланды дүр.
Уақыт-бәйге жарысын жалғай бергін,
Биік шырқап, самғасын қыран-ғұмыр!
Бар байлықтан денсаулық, өмір құнды,
Бұзбай сақтап бір қалып жұмырыңды.
Марқайып жүр, Өмеке, арамызда,
Ұзақ етсін бір Алла ғұмырыңды!
Әли ЫСҚАБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Алматы облысы мен Балқаш ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі