Қонаев қаласы облыс орталығы болғаннан бері қандай жұмыстар атқарылды?
Бұл сұраққа Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте жауап берді.
“Ең алдымен қаланың инфрақұрылымының тозғанын атап өту керек. Облыс орталығы болғаннан бері қаланың бюджеті 2,7 есеге өсіп, 40 млрд. теңгені құрады. Былтырдан бастап 20 шақырым жол жөнделіп, 37 шақырым электржелілері, 20 шақырым су желілері тартылды”, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Оның сөзінше, орталық саябақ пен көшелерді, көпқабатты үйлердің аулаларын қосқанда 65 нысан абаттандырылды. 1,7 га жағажай жайластырылды. 33 үйдің қасбеті мен шатыры жөнделді. Жылу жүйелерінің тозған бөліктері жаңаланды.
Облыс әкімі кәріз жүйесінің тозғанын да атап өтті.
“Биыл 10 шақырым апатты бөлігі жөнделді. Мәселе мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында толық шешілмек. Құны 20 млрд. теңге болатын жоба әзірленіп, байқау жарияланған”, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ ол Қонаевтың 2 кезең бойынша дамитынын алға тартты.
“Биыл Қонаевтың Бас жоспары бекітілді. Негізгі әкімшілік ғимараттар Қонаев қаласының қазіргі аумағында салынады. 19 мың га аумақта орналасатын қала халқының саны 2050 жылға қарай 200 мың адамды құрайды деп болжануда.
2-ші кезеңде «Жаңа Іле» алаңы игеріледі. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдениет, білім беру ғимараттары, тұрғын-үй кешендері және рекреациялық нысандар салынады”, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімі сөз соңында жақын уақытта жаңа әкімшілік-тұрғын үй орталығын салуды көздейтін, 5 жылдық кезеңге арналған Қонаевты дамытудың Кешенді жоспары қабылданатынын айтып, қаланың өркендеуі бүкіл өңірге тың серпін беретінін тілге тиек етті.