Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Энергетикалық ауысымға және цифрландыруға ауадай қажет стратегиялық ресурстар

Энергетикалық ауысымға және цифрландыруға ауадай қажет стратегиялық ресурстар

36 қаралым

Қазақстан Еуропа экономикасында стратегиялық мәнге ие 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Олардың арасында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс секілді элементтер бар. Аталған материалдар энергетикалық ауысымға, машина жасау, өнеркәсіп өндірісі, микроэлектроника, цифрлық технология салаларына ауадай қажет.

Біз германиялық серіктестерге тек шикізат жеткізуге кепілдік беріп қана қоймай, геологиялық барлау мен кен өндіруден бастап, оны өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта қадеге жарату кезеңдерін түгел қамтитын толық өндіріс тізбегін қалыптастыруды ұсынамыз.

Байланыстарымыздың тағы бір маңызды бағыты – энергетика. Қазақстан Еуропаға тұрақты түрде энергия ресурстарын жеткізуші ел ретінде сенімге ие болды. Еуропа Одағына импортталатын мұнайдың шамамен 13 пайызын, табиғи уранның 20 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. 2025 жылы Германияға жеткізілген мұнай көлемі 10 миллион тоннадан асты.

Біз көлік тасымалы мүмкіндіктерін ескере отырып, бұл міндетті одан әрі жауапкершілікпен атқаруға әзірміз.

Жаңартылатын қуат көздері, электр желілерін жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру бағыттарындағы серіктестік келешегінен көп үміт күтеміз. Экономикалық байланысты нығайта түсу үшін Шығыс пен Батысты жалғайтын сенімді көлік дәлізі қажет.

Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Былтыр шамамен 40 миллион тонна жүк жеткізілді.

Транскаспий халықаралық көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы көлік қатынастары мүмкіндіктерін кеңейтіп жатыр. Биылғы сегіз айдың нәтижесінде аталған дәлізбен тасымалданған жүк көлемі 22 пайызға, ал Шығыс – Батыс бағытындағы транзит 55 пайызға өсті.

Жаңа көлік жобалары бірқатар өңірді Каспий теңізіндегі айлақтармен тікелей байланыстырып, Қытай – Еуропа бағытын 1000 шақырымға қысқартады. Осылайша біз жолды қысқартатын бағыттарды қалыптастырып, Германия бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырмыз.

Тағы бір әлеуетті бағыт – неміс компанияларын еліміздің аумағы арқылы әуе жүк тасымалын жүзеге асыруға белсенді тарту және Қазақстандағы әуе хабтарын дамыту.

↑