Алматы облысында жастар арасындағы еріктілер қозғалысы тек жеке аудандар ғана емес, бүкіл аймақ көлемінде жыл өткен сайын жақсы дамып келеді. Талғар ауданындағы өзінің тұмса табиғатымен әйгілі Akbulak Olympic Сenter әмбебап спорт кешенінде өткен слеттің жұмысына қарап, осындай ойға келдік.
Халықаралық Еріктілер күнінің қарсаңында ұйымдастырылған шараға Халықаралық бокс Академиясының күту залында жиналған жұрттың қарасы көп. Бұл жерге таңертеңмен Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай аудандарынан еріктілер, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық қоғам, облыстық және аудандық ішкі саясат пен жастар саясаты басқармалары мен бөлімдері, БАҚ өкілдері облыстық слетке келді. Әсем әуен аясында шараны жүргізушілер жиынға келген жұрт пен «Алматы облысында еріктілер қозғалысының дамуы» жобасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өз жобаларын ұсынып, білікті қазылар тарапынан қаралған қатысушыларды таныстырды.
Алматы облысы жастар саясаты басқармасының өкілі Талант Ахметов жиын қатысушылары мен қонақтарды слеттің ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ ол еріктілер қозғалысын нығайту және қолдау, табысты инклюзивті тәжірибелерді ұсыну, өз бетінше еріктілік қызметін жүргізу үшін қажет біліктілікті қалыптастыруға бағытталған бұл шараның маңызын атап өтті.
– Біз Сіздерді Алматы облысындағы еріктілер топтарының жыл сайынғы слетінде қарсы алып отырғанымызға қуаныштымыз. Бұл слет – біздің әрбірімізге тәжірибе алмасу, жаңа нәрселерді үйрену, топтарымыздың арасындағы қарым-қатынасты нығайту, сонымен бірге қатарымызға жаңа еріктілерді тарту үшін тамаша мүмкіндік. Сіз, еріктілер, жақын жандарға риясыз көмек көмек көрсету және қамқорлық ету – біздің өміріміздің бөлінбейтін бөлшегі екенін көрсетіп, көптеген адамдарға үлгі болып отырсыздар. Сіздердің еріктілік қозғалысына қосып жатқан еңбегіңіз, қажыр-қайратыңыз бен уақытыңыз қоғамның дамуына қосып жатқан өлшеусіз үлес болып саналады. Сіздердің арқаңызда көптеген жандар көмек пен қолдауға ие болып, келешекте бұдан да жақсы болады деген үміттерін үкілеуде, – деді Талант Ахметов.
Сондай-ақ ол конкурстық комиссия 19 жобаны қарағанын және бүгін солардың арасынан ең белсенді, табысты, өз ісіне шын берілген және аянбай еңбек еткен еріктілерді атайтын сәт туғанын айтты. Шын мәнінде, үздік жобалары үшін тек қана Алғыс хат алып қоймай, сонымен бірге ақшалай сыйлыққа қол жеткізіп, бұл салтанатты жиынның себепшілері болған да солар еді. Байқауға ұсынылған жобалар – «Біргеміз-Қамқор», «Біргеміз-Таза әлем», «Біргеміз-Білім», «Біргеміз-Үміт», «Біргеміз-Сабақтас», «Біргеміз- Асыл мұра», «Біргеміз-Аяла», «Біргеміз-Саулық» деп аталатын 8 аталым бойынша бағаланды.
Конкурстық комиссия ұйғарымы бойынша «Бес асыл», «Green Drive Talgar», «Graphic.skills.online», «Lider.kz жастар қанаты», «OBLIKI», Talgar.History», «ProBonoTalgar», Dog.walk.talgar», «Жүректен-жүрекке» еріктілер ұйымдарының жобалары үздік деп танылды. Ең үздік жобаларға диплом және 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Слетті ұйымдастырған «VEСTOR» Жастар одағы» да қызметін жаңа бастап жатқан еріктілерді өз аттарынан әрқайсысы 100 мың теңге көлемінде үш ынталандыру сыйлықтарымен марапаттады.
«VEСTOR» Жастар одағының» директоры Жомарт Кеңесов, қарттарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созумен айналысатын «Біргеміз-Қамқор» номинациясының жеңімпазы Мәриям Тынышбаева, «Ұлттық волонтерлер желісінің» сарапшысы Александра Крашининалардың айтуынша, еріктілер ертеңгі ұрпақтың мықты болып жетілуіне жауапты жандар. Сол жауапкершілікті сезінгендіктен де, өсіп келе жатқан ұрпаққа жақсы тәрбие беру мақсатында бір жоба «Бес асыл» деп аталыпты. Бұл атау «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз» деген данышпан Абайдың ұрпаққа қалдырған мәңгілік ұлағатынан алынған. Олардың басты мақсаты – сол асыл қасиеттердің барлығын өсіп келе жатқан жас ұрпаққа түсіндіріп, бойларына сіңіру.
«Ерікті болудың қыр-сырын үйретіп жүрген мамандар үшін мұндай шаралардың берері мол. Себебі волонтерлар тек әлеуметтік мәселелерге ғана атсалыспайды. Бұл жалпы волонтерлік қызметтің тек әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, елдің экономикасына да қосатын үлесінің зор екенін көрсетеді. Жалпы еріктілер өз аймағындағы мәселелеріді айқын көріп, оларды тиімді шешудің жолын таба алады. Қазіргі кезде Алматы облысында 4 мыңға жуық ерікті бар. Әрқайсысы әртүрлі бағытта жұмыс істейді. Оларға әкімдік тарапынан ұдайы қамқорлық көрсетіліп келеді», – дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.
Облыстағы еріктілер ұйымдарының жұмысы қорытындыланған күні бапкерлер, сарапшылар мен қазылар алқасының мүшелері де ұмыт қалмай, олардың біразына бағалы сыйлықтар тапсырылды. Жиналған жұртқа «J&S тобы» және «DANCE-life» халық және замануи би үлгілі мектебінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, жоғары көңіл-күй сыйлады.
Естеріңізде болса, биыл маусым айында өткен Халықаралық волонтерлер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда еріктілер қызметі жан-жақты дамып келе жатқанын, бұл саладағы барлық бастамаларды қолдайтынын, еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 680-ге, еріктілердің саны 200 мыңға жетткенін айтып: «Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Себебі еріктілер қатарында қоғамға адал қызмет ету – бір күндік не болмаса уақытша жұмыс емес, бұл – әр волонтердің өз еркімен таңдаған өмірлік мақсаты. Жалпы, волонтер болу – патриотизмнің, яғни, отаншылдықтың жарқын үлгісі. Бұл адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады», – деген еді.
Шара соңында слетке қатысушылар бір-біріне қол жеткен табысқа тоқмейілсімей, қайырымды істерді жалғастыра беру және өзара тәжірибе алмасып тұру қажеттігін айтып, жауапты да сауапты істерінде табыстар тіледі. Өйткені, дәл осы еріктілер қызметінің арқасында қоғам өмірінде жақсы және қайырымды істер көбейе бермек.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы