Облыстағы нысандар мен тұрғын үйлерді көгілдір отынмен қамтуда қалтқысыз еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталды. Қонаев қаласының Мәдениет үйінде Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне орай өткен салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев сала мамандарын құттықтап, мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Өз сөзінде Әсет Дүйсебекұлы аймақтың және жалпы елдің тұрақты дамуына газ саласы мамандарының қосып жатқан үлесі мол екенін атап өтті. «Облыс экономикасын қарқынды дамыту үшін де отын энергиясы өте маңызды. Алматы облысында елді мекендерді кезең-кезеңімен газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында жүргізілуде. Мемлекет басшысы тұрғындардың тұратын жеріне қарамастан, газбен қамтуды қоса алғанда, базалық инфрақұрылымға тең қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Бүгінде облыста 169 елдімекен газдандырылған, табиғи газға қолжетімділік 1,24 млн адамға қамтамасыз етілген. Бұл аймақтың жан-жақты өркендеуіне оң әсерін тигізеді. Сіздер осы жолда аянбай тер төгіп, қоғамға қызмет етудің нағыз үлгісін көрсетіп келесіздер. Қиын да жауапты салада атқарып жатқан еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Әсіресе, ауа райының қолайсыздығына, тәуліктің кез келген мезгіліне қарамастан, халық игілігі жолында еңбек етіп жүргендеріңіз үшін ризашылығымыз шексіз», – деді ол.

СУРЕТТЕРДІ ТҮСІРГЕН – Аслан ҚАЖЕКЕ
Салтанатты рәсім барысында энергетика саласында елеулі еңбек етіп келе жатқан бірқатар маманға ҚР Энергетика министрілігінің «Мұнай-газ саласының үздігі» төсбелгісі, облыс әкімі Шыңғыс Әріновтің «Құрмет» грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Бұл қатарда облыстық энергетика және сумен қамту басқармасының басшысы Нұрлан Өмірханов, өзге де Назар Қасымов, Жасұлан Талдыбаев сынды тәжірибелі мамандар бар. Шара соңы мерекелік-концерттік бағдарламамен жалғасты.
Ерзат АСЫЛ