Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді

59 қаралым

Алатау қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру талаптарын орындау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Іс-шара барысында Алатау қаласы Полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары қала тұрғындарымен кездесіп, қолданысқа енгізілген жаңа заңнамалық талаптарды түсіндірді. Сонымен қатар азаматтарға өздеріне тиесілі және іргелес аумақтардың тазалығын сақтау қажеттігі жеткізілді.
Алатау қаласы ПБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы Базарбаев Әділхан Жұлдызханұлының айтуынша, тазалық талаптарын сақтау – тек тиісті қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті.
«Қала аумағының таза әрі көрікті болуы тұрғындардың жауапкершілігі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Осыған орай тұрғындарға санитарлық талаптарды сақтау, өздеріне тиесілі және іргелес аумақтарды таза ұстау бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз», – деді Әділхан Базарбаев.
Түсіндіру жұмыстары барысында жеке тұрғын үй иелеріне, сондай-ақ мекеме, кәсіпорын және ұйым басшылары мен жауапты тұлғаларына ғимараттар мен нысандарға іргелес аумақтарды, оның ішінде 5 метрге дейінгі аумақты санитарлық талаптарға сәйкес күтіп-ұстау және тұрақты түрде тазалау міндеттері түсіндірілді.
Сонымен қатар тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамау, аулалар мен көшелердің тазалығын сақтау, абаттандыру талаптарын бұзбау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттігі ескертілді.
«Заң талаптарын сақтау – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Тұрғындармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың санитарлық тазалық пен абаттандыру талаптарына жауапкершілігін арттыру», – деп атап өтті Базарбаев Әділхан Жұлдызханұлы.
Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен жеке кездесулер өткізіп, заң талаптарын сақтау бойынша нақты түсіндірмелер берді. Сондай-ақ белгіленген талаптарды бұзған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатыны ескертілді.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы профилактикалық және түсіндіру жұмыстары Алатау қаласының аумағында тұрақты түрде жалғасын табады. Қалада санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстар Алатау қаласы Полиция бөлімінің тұрақты бақылауында.


Асқар ЮСУПОВ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық

бірлестігінің Алатау қалалық филалының төрағасы

↑