Перейти к содержимому

Кітап пен кино тоғысқан түн

53 қаралым

         Жамбыл ауданының Шиен ауылдық Мәдениет үйі жанындағы алаңда «Менің атым – Қожа» фильмінің ашық аспан астындағы көрсетілімі болды. Ауыл тұрғындары мен жастардың басын қосқан қызықты кеш нағыз өнер мен кітап мерекесіне айналды.

         Жиналған көрермен алдында аудандық кітапхана директоры Аяужан Сәдуақасова сөз алып, шараның Жамбыл Жабаевтың туғанына – 180 жыл, Абдолла Қарсақбаевтың туғанына – 100 жыл толуына және «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына орай ұйымдастырылғанын жеткізді. Ауыл тұрғыны Мәкіш Кемалиева биыл ғана ашылған Мәдениет үйі осындай рухани шаралардың ошағына айналып, халыққа мәдени қызмет етіп жатқанына ризашылығын білдірді.

         Қазақ киносының алтын қорынан ойып тұрып орын алған, баршамыз сүйіп көретін «Менің атым Қожа» фильмінің желісі бойынша Шиен ауылдық Мәдениет үйінің қызметкерлері мен кітапханашылар дайындаған әсерлі көрініс ұсынылды. Аталған фильмнен сахналық үзінділер көрерменді балалық шақтың тәтті естеліктеріне жетеледі. Ауыл тұрғындары да кейіпкерлер образына еніп, шараның қызықты өтуіне белсенді атсалысты. Қожаның әжесінің рөлін Сүмбілшаш Жомартова, ал анасы болып Роза Қауменова ойнады. Сондай-ақ мектеп оқушылары Нұрмұхамед Темірхан – Қожа, Аймира Мәсімхан – Жанар, Айсұлтан Тұрысбек – Жантас, Мұхамедәлі Әбдімәлік – Сұлтан бейнесін сомдады. Рухани кешті Шиен ауылының кітапханашысы Баян Бектасова жүргізді.

         Одан кейін жұлдызды аспан астында көрермен аңызға айналған туынды –  «Менің атым Қожа» фильмін тамашалады.  Ұлттық әдебиет пен мәдениеттің қос алып тұлғасына арналған шарада, сондай-ақ кітап көрмесі оқырман назарына ұсынылды. Руханиятты ту еткен ерекше әрі мазмұнды шараны Шиен және Аққайнар ауылдық кітапханалары ұйымдастырды.

         Бұл күнде аудандық кітапхана «Зерделі кітап» автокеруенімен ауыл-ауылды аралап, Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына орай кинорежиссердің «Менің атым Қожа» фильмі мен кітап көрмесін ашық аспан астында тұрғындар назарына ұсынып жүр.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Шиен ауылы,

Жамбыл ауданы

↑