Халықаралық қарттар күніне орай Іле ауданында аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіліп, мерекеге арналған бірқатар мәдени, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мерекелік шаралар аудандық Мәдениет үйінде өткен «Ғұмырдан қалған ғибрат» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерт барысында қарияларға арналған әндер шырқалып, күйлер орындалып, аға буын өкілдеріне мерекелік көңіл күй сыйланды.
Сонымен қатар қариялар арасында бильярд пен тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынады. Бір топ қария үшін Алматы қаласының театрларына мәдени сапар ұйымдастырылды.
Аудан орталығында және ауылдық округтерде қарияларға арналып дастархан жайылып, мерекелік кездесулер өткізілді. Демеушілердің қолдауымен бірқатар қарттарға азық-түлік себеттері табысталды.
Мереке аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Тәңірберген Толғанбаевқа да ерекше құрмет көрсетілді. Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов ардагердің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және амандық тіледі.
Қария – елдің қазынасы, ұрпақтың ақылшысы. Олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесі кейінгі буын үшін баға жетпес тәрбие мектебі. Сондықтан аға буынға құрмет көрсету – халқымыздың ғасырлардан жалғасып келе жатқан асыл дәстүрі.
Іле ауданында қазыналы қарияларға құрмет көрсету, олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
