Бұрын алаяқ есік қағуы немесе көшеде жолығуы мүмкін еді. Бүгінде оның «есігі» – смартфон экраны. «Банк қызметкерімін», «қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмыз», «сіздің атыңызға несие рәсімделді», «жүлде ұттыңыз» деген хабарламалар мен қоңыраулар талай адамды абдыратып жатады. Алаяқтардың басты қаруы – технология ғана емес, адамның эмоциясы. Қорқыту, асықтыру, оңай ақша ұсыну арқылы адамның дұрыс шешім қабылдауына кедергі келтіру – кең таралған тәсілдердің бірі.
Қазақстанда интернет алаяқтыққа қарсы күресте антифрод жүйелері, фишингтік ресурстарды бұғаттау және күмәнді қоңырауларды тоқтату сияқты тетіктер қолданылып келеді.
Бірақ технологияның мүмкіндігі қанша жоғары болса да, адамның сақтығын толық алмастыра алмайды.
Сондықтан қарапайым ережені есте ұстаған жөн: бейтаныс адамға SMS-кодты, банк картасының деректерін, парольді бермеу; күмәнді сілтемеге өтпеу; телефон арқылы асығыс ақша аудармау; кез келген талапты ресми арна арқылы қайта тексеру.
Ал қаржы пирамидасының негізгі белгісі – «аз ақша сал да, көп ақша тап» деген уәде. Жоғары табысқа кепілдік беріп, жаңа адамдарды тартуды талап ететін схемаларға ерекше сақтық қажет.
Интернеттегі қауіптің ерекшелігі – қылмыскердің қасыңызда болуы міндетті емес. Ол мыңдаған шақырым жерде отырып-ақ бір адамның өміріне әсер етуі мүмкін.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
