Перейти к содержимому

Сақтық – қауіпсіздіктің кепілі

69 қаралым

Жасөспірімнің құқықтық сауаты мен қауіпсіздігіне көңіл бөлу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар Шырын орта мектебінде жалғасын тапты.

Кездесуге Ұйғыр ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Манап Абай Жанатқанұлы және ҚҚБ ЮПТ УПИ инспекторы, полиция аға лейтенанты Кабулов Сабит қатысты.

Полиция қызметкерлері оқушыларға интернет кеңістігінде кездесетін алаяқтықтың кең тараған тәсілдері туралы айтып, жалған қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, күмәнді сілтемелерді ашпау және жеке мәліметтерді бөтен адамдарға бермеу қажеттігін түсіндірді. Әңгіме барысында есірткі мен нашақорлықтың адам өміріне тигізер зияны да назардан тыс қалмады. Оқушыларға есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың салдары түсіндіріліп, заң талаптарын бұзбаудың маңызы айтылды.

Кездесу барысында оқушылар өздерін түрлі қауіптен қорғау үшін ең алдымен сақтық пен жауапкершілікті қатар ұстануы қажет екені айтылды. Заңды білу, зиянды әдеттен аулақ болу және интернетте әр ақпаратқа сене бермеу – қауіпсіздіктің қарапайым, бірақ маңызды қағидалары.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы

↑