Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды саяси құжат.
Президент кезекті Жолдауында қазіргі заманның басты өзгерістерінің бірі – цифрландыру мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы екеніне назар аударды. Бұл үдеріс экономикаға ғана емес, білім беру, мемлекеттік басқару, мәдениет, кітапхана ісі сияқты көптеген салаға да жаңа мүмкіндіктер әкелуде.
Бүгінде технология күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпаратты жылдам алу, электронды қызметтерді пайдалану, білімді онлайн меңгеру – заман талабына сай өмір сүрудің бір көрінісі. Жолдауда жасанды интеллектіні дамытуға, цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға және еліміздің технологиялық мүмкіндіктерін арттыруға басымдық берілді. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін ең алдымен білімді, ізденімпаз және цифрлық сауатты ұрпақ қажет.
Технология дамыған сайын кітаптың маңызы төмендемейді. Керісінше, ақпарат көп заманда дұрыс ақпаратты таңдай білу, сыни ойлау және білімді терең меңгеру бұрынғыдан да маңызды. Осы орайда кітапханалардың қоғамдағы рөлі де өзгеріп келеді. Заманауи кітапхана – кітап сақтайтын мекеме ғана емес, ақпараттық, мәдени және білім беру орталығы.
Кітапхана оқырманға дәстүрлі әдебиеттермен қатар, электронды ресурстарды пайдалануға, жаңа технологияларды меңгеруге және ақпараттық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Біздің міндетіміз – заман өзгерісіне бейімделіп, білім мен технологияны ұштастыра отырып, ұлттық құндылықтарды сақтай білу.
Ендеше, жаңа дәуірдің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, білімді, мәдениетті, технологияны меңгерген ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет.
Ақтолқын Жаңабаева
Жалағаш ауылдық кітапханасының қызметкері
Кеген ауданы
