Перейти к содержимому

Алғашқы ұстазым

103 қаралым

Елімізде Мұға­лімдер күні қар­саңында Оқу-ағарту министрлігі ұс­таз­дарға алғыс біл­діруге және олардың еңбе­гін дәріптеуге ба­ғыт­талған «Ұстазым, ар­дақты ұста­зым!» рес­пуб­ликалық акциясын бас­тады. 29 қыр­күйек пен 5 қазан ара­лы­ғында өтетін акция аясын­да әрбір азамат өзінің ұстазы немесе тәлімгері туралы айтып, естелігімен бөлісіп, алғысын білдіре алады. Осы орайда мен үшін орны бөлек жан саналатын алғашқы ұстазым Наталья Стаценко-Соколова жайлы қалам тербеуді жөн санадым.

Наталья Васильевна – Кеген ауданы Шырғанақ ауылының тумасы. Әкесі Василий Иванович әкемнің досы, анасы Галя тәтей анамның әріптесі, ал өзі Нұрлан ағамның сыныптасы болатын. Алғаш рет мектеп табалдырығын аттағанда жас маман Наташа алдымыздан шығып, анама: «Елгүлді өзім оқытам» деп қолымнан ұстаған сәті бүгінгідей көз алдымда. Біз ата-анамыз бен мұғалім сенімінің үдесінен шығуымыз үшін ең тәртіпті, үздік оқушы болуға жарысатынбыз. Алғашқы ұстазым әріп танытып, сандарды, есептеуді, көркем жазуды, оқуды меңгертті. Ол кісіден қолымызға алғаш ине ұстатып, кесте тігуді де үйреткен еді.
Наташа апай қылқаламмен суретті керемет салатын. Жаңа жыл қарсаңында сыйлық салатын қағаз қалталарды өзі әрледі. Ән салуға, би билеуге баулыды. Ойлап отырсам, бірінші сыныпта күнде ән айтқан сияқтымыз. Наталья Васильевнаның «Ялла» тобының «Чайханасына» мың бұрала билеген кезінде екі қолы жыландай ирелеңдейтін. Жан жақты, ізденімпаз ұстаз деп осындай адамды айтса керек.
Екінші сыныптың күзінде жағдай күрт өзгерді. Апай бізден «Балалар, менің фамилиямды білесіңдер ме?» деп сұрады. «Стаценко» дедім елден бұрын. «Дұрыс, Елгүл! Бірақ мен бүгіннен бастап «Соколовамын» деп неке жүзігін көрсетті. Сол сәттен бастап бейтаныс күйеу жігітті жек көріп кеттім. Екінші сыныпты аяқтағанымызда әлгі «жаман ағай» мұғалімімді алып кетті. Кейіннен мектебіміз таза қазақша білім ордасына айналып, мен қазақ сыныбында оқыдым. Алғашқы ұстазымның ата-анасы да ауылдан көшіп кетті. Мектеп бітіргеніме 15 жыл толғанда Наташа ұстазымның дерегін тауып хабарластым. Қазір ол Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласының маңында тұрады. Орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ береді екен. Жылда кәсіби мерекеде хабарласып, құттықтап тұрамын.

Елгүл НҰҒЫМАНОВА
Кеген ауданы

↑