Перейти к содержимому

ТУ ЕТУ МЕН ТҰЛ ЕТУ

105 қаралым

Осыдан біраз бұрын «Ленинград қаласындағы Жамбыл көшесінің атын өзгертіп, Әлияның музейін жауып тастапты» деген сөз иісі қазаққа оңай тиген жоқ. Себебі ол екеуі де – атасы мен немересі болып, Отан іргесі бұзылып, қара орманымызға қауіп төнгенде бірі жалынды жырымен рух берсе, бірі қыршын жанын қиған еді ғой. Әлгі әңгіменің анық-қанығына жету үшін Ленинград қаласына жүрер алдында Жамбыл атамыздың басына тағзым етіп, бір уыс топырағын түйіп ала кеткен едім. Ондағым – жаман айтпай, жақсы жоқ, революция бесігінің 900 күн мен 900 түн созылған қаһармандық қорғанысына қанымызды да, жанымызды да, қолымыздағы барымызды да аямаған, біз үшін қасиетті қалада, қазақ халқының ұлы мен қызының аты қалмаса да, туған жерінен бір уыс топырақ қалсын деген ниет еді.

Әруағыңнан айналайын, Жамбыл баба! Осындай бір түсініксіз заман басталды. Саясат пен өмірді, өмір мен тарихты шатастырып алғандаймыз. Біздің жаңа деп жүргеніміз ұзақ уақыт ұмытылған ескі болып шықты. Сөйтіп, жасаған еңбегіміз, төккен теріміз қайыр болмай, шайыр болды. Қашанда өткеннің жақсылығынан өнеге, жамандығынан сабақ алу – парыз. Онсыз ілгерілеу болмақ емес. Ақталуға айғақты дәлел іздеп, «жеке басқа табынушылық», «тоқыраушылық» деп ат қойып, өткенімізді өгейсітіп алдық. Сөйтіп, бүгінімізге жетімсіреп келген жеткіншегіміз ертеңіне сенімсіз болып, күндік тірлігімен ғана шектелуі күй кешуде.
Ата, өзіңіз білесіз, Отанымыздың тәуел­сіздігіне қол сұғылып, тіпті елдігіміз жойылып кеткелі тұрған тұста «сен қазақ екенсің», «сен орыс екенсің», бір-біріміздің атымызды атауға тіліміз келе ме, келмей ме деп жатқанымыз жоқ, білек пен білек, жүрек пен жүрек бірігіп, қайтсек жауды жеңеміз деген тас-түйін бірліктен басқа ниетіміз болды ма? Бас көтеріп, қолына қару ұстауға жарағанымыз ұрысқа, елдегіміз аузымыздағыны жырып, қырындымызды қырып, сол майданға жіберіп жатпадық па? Зады, осындай қиын жағдайда қолұшын беріп қана қоймай, арқалап, алып шыққан халық ол негр бола ма, шүршіт бола ма, ол қазақ бола ма, оған рахмет айту керек емес пе еді? Рас, кезінде біз ондай рахметтен, ондай жылы сөз, жылы қабақтан кенде болғанымыз жоқ. Кезінде ондай сөзді «Правданың» араға күн салмай жазғанын да білесіз.
Біз жасаған көмегімізді пұлдайық деп отырғаннан аулақпыз. Бірақ бүтіндей бір халықтың ақ, адал еңбегін, маңдай тері мен таза жүрегін келер ұрпаққа айтып, жеткізгеніміз де абзал болар. Себебі, ол бір адамның ғана жасаған қайырымы емес, тұтас бір елдің жасаған жақсылығы, ерлігі, жан-пидалығы болатын.
Бір ғана мысал. Басқасын былай қойып, 1942 жылдың шыжыған шілдесінде Ленинград еңбекшілеріне Қазақстан жұртшылығының ауыл-аймағы, тайлы-таяғы болып жинаған 138 вагон азық-түлікті Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы А.Қазақбаевтың өзі бастаған делегацияның апарып табыс еткенін айтсақ та жеткілікті. Сонда біздің халықтың өзі де жетісіп отырған жоқ еді-ау, бірде аш, бірде тоқ күйінде еді ғой. Ал қазақ халқының соғыс жылдарында 27600 ата-анасыз қалған, оның сыртында Совет одағы бойынша 1941-1945 жылдар арасында көшіп келгені бар, эвакуацияланғаны бар 93153 баланы құшақ жая қабылдап, асырап-сақтағанын оңай шаруа еді деуге болар ма? Өздері қара нар көтере алмас қайғы арқалап жүріп, аялап құшқан жарын, мәпелеп өсірген балапанын майданға аттандырып отырса да, аналық парызым, азаматтық қарызым деп сол жетімектерді өз балаларынан кем көрді ме? Қайта оларға киімнің бүтінін, тамақтың қоюын беріп, маңдайынан сипады. С.Киров қалап кеткен Ленинград пен Қазақстан арасындағы достығымыз соғыс кезінде де, соғыстан кейінгі қаланы қалпына келтіруде де орасан күшке айналды. Тіпті, 1943 жылы тамыздың 21-інде БК(б)П Орталық комитетінің «Неміс басқыншыларынан шаруашылықтарды қалпына келтіру жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар туралы» қаулысы шыға салысымен өзім дегенде өзегін жұлып беруге дайын қазақ халқы аянып қалмады. Оған бір мысал. Басқасын айтпай-ақ, сол жылдары Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болған Н.Оңдасыновтың: «Жарты миллион ірі қара бірінен соң бірі іркес-тіркес қозғалған кезде ондаған шақырымға созылатын жер көлемін алады екен. Бұл ғажап суретті жердегі адамның көз алдына елестетуі мүмкін емес. Мен бұл көріністі самолетпен бақыладым», – деуі біле-білген адамға көп нәрсе аңғартып тұрған жоқ па?
Рас кезінде, қазақ халқының бауыр­малдығына сол жылдары үсті-үстіне жақсы лебіздер, телеграммалар жолданып жатты. Мысалы, көрнекті Совет ақыны, Ленинградты қорғаушы А.Прокофьев: «Жамбылдың «Ленинградтық өнердерім» деген жырын жариялаған кез Ленинград халқының аса бір ауыр шағы еді. Міне, осындай халде Жамбылдың бұл өлеңі газеттерде жарияланды. Халықтың рухын көтеруде ерекше күшті көрінген жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып тұрды. Жыр ірі әріптермен теріліп, көшелерде плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамды көрдім. Немістердің самолеттері төбеде ұшып, бомба тастап жүргенде, сонан қашып тығылудың орнына Жамбылдың жыры басылған газетті сатып алуға көшедегі киоскілерде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім», – десе: «Жамбылдың бұл жолдамасын, – деп жазды В.Вишневский «Правда» газетіне 1942 жылы, – біз көз жасынсыз, қуанышты тебіреніссіз оқи алмадық: бұл хаттың құндылығы сонша, біз өзімізге күшті резерв қосып алғандай сезіндік. Қазақстан халқы бізге өзінің туысқандық сәлемін, махаббаты мен достығын жолдады да, қайратымыз еселеніп ұрысқа кеттік». Ал 1942 жылы мамырда БК(б)П Ленинград облыстық, қалалық комитеттерінің хатшылары М.Никитенко мен Кузнецовтың, Ленинград облыстық атқару комитетінің төрағасы Поповтың 1942 жылы 26 шілдеде, ал қалалық комсомол комитетінің 1943 жылы 10 мамырда қазақ халқының қамқорлығы мен қолдауына, туысқандық көмектеріне бас иіп, шын жүректен алғыс айтқандарын біз де ешқашан ұмытпаймыз.
Иә, адамзат баласына соғыстың салар жарасы ешқашанда ұмытылмақ емес. Дей тұрғанмен қазір сол қандыбалақ соғыстың қасіретін тез ұмытып, өткенге күдікпен қарайтындай жағдайға жеткен сияқтымыз. «Егер Ленинград қаласының аты өзгеріп жатса, Жамбыл көшесінің аты өз-өзінен алынып қалуы мүмкін, – деді бізге қалалық атком жанындағы көшелер атауы жөніндегі комиссияның мүшесі, Ленинград мемлекеттік қала тарихы музейінің аға ғылыми қызметкері Г.Никитенко. – Себебі, ол көшенің бұрынғы аты Романовтар әулетінің, оның ішінде, әсіресе, Елизавета Петровнаның өте сыйлы әрі білімді отбасылық дәрігері Лештуктың есімімен аталған. Ал 1978 жылдан берілген Ә.Молдағұлова атындағы көшені міндетті түрде өзгертеміз. Себебі, біздер осы есімді айтқанда да, жазғанда да қатты қиналып жүреміз. Ол қызға ілінген тақта да жеткілікті. Ал Жамбыл көшесінің алыну-алынбауы туралы бұрынырақта сөз болғаны рас. Біздің әдебиетшілердің айтуынша, өлең аударма, оны кімнің жазғаны белгісіз дегендер де болды. Бірақ көше 1952 жылдан бері аталып келгендіктен, мүмкін өз атында қалуы екіталай».
Сонда қалай, бүгінгі ұрпақ өткенді сызып тастап, артына топырақ шаша беретін болса, онда бүгініміздің қажеті қанша? Бүгіндей бір халық атынан берілген бағаның байыбына бармай, бүгінгі азын-аулақ комиссия мүшелеріне тізгінді ұстатқанын қалай түсінеміз? Егер ол адам сол халықтың тарихына тікелей қатысты болып, өз ісіне лайықты құрметін көрсе, ал ұрпақ алмаса келе саннан да, санаттан да жойыла берсе қалай болғаны? Мұны ел атына сын деп білеміз. Жамбыл жырларының құдіреті дәл сол уақытында, сол минөтінде ерлікке пара-пар бағаланып, оған 1942 жылы 22 желтоқсанда ССРО Жоғарғы кеңесі президиумының Ленинград қорғанысында көрсеткен ерлігі үшін АС 13587 нөмірлі «Ленинградты қорғағаны үшін» медалінің берілуінің өзі-ақ бұлтартпас тарихи айғақ екенін айтқым келеді.
Ата, сіздің жырларыңыздың жалыны әлі басылмағанына қатары селдіреп бара жатса да, сол соғысты көрген, оның табын сезінген, қоршауда қалған ленинградтықтармен тілдескенімде куә болдым. Жамбыл көшесіндегі кішкене ғана шағын дүкеннің жанында қолындағы жемін кептерлерге беріп тұрған егделеу қарт ананы сөзге тарттым.
– Дәл осы дүкеннің тұсында блокада кезінде екі бірдей сіңлім кезекте тұрып оққа ұшты, – деді зейнеткер, Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі Ольга Семеновна Добравицкая көзіне жас алып. – Әке-шешем де блокаданың құрбандары. Мен өз еркіммен Ленинград майданына барғанымда қазақстандықтардың жасаған көмегі жайында көп нәрсені білдім. Әңгіменің қала мен көшенің атын ауыстыруға неге тірелгеніне түсінбеймін. Сонда Санкт-Петербург блокадасы дейміз бе? Жоқ, ешқашан. Біз қорғаныс кезінде ол қаладан айырылып қалғанда қайтер едік? Мұны жасап отырған жаңа өкімет басына келгендер. Оларға халықты бір нәрсемен алдаусырату үшін жаңалық енгізу керек болды. Ауыстырғыш болса, қалада Саперная, Артилерийская, Почтамт деген көшелер толып жатыр, соларды ауыстырсын.
Біз айтып отырған Жамбыл көшесі бас-аяғы 500 метрдей ғана. Орысша айтқанда переулок. Мәселе оның қысқалығы, тарлығында емес, оның бөтен босағада халқының бір жұрнағындай айғақтап тұрған атының өзі көңілге қуаныш.
– Жамбылдың кім екенін мен сізден кем білмеспін, – деп күлімсірей тіл қатты 62 жастағы зейнеткер, блокаданың шет жағын көрген Надежда Сидоровна Константинова. – Маған салса Жамбыл көшесінің атын оның «Ленинградтық өрендерім» деген бірауыз сөзі үшін-ақ қалдырар ем. Зады, Ленинградтың атын, оның көшелерінің есімін өзгерту – саяси қауіпті әрі күрделі нәрсе. Мен осылардың бәріне қарсымын. Қазір тіпті Ленинге қарсы үлкен насихат жүріп жатыр. Бірақ ол кісіге көзқарасымды өзгерту оларға оңайға түсе қоймас. Жамбыл – интернационалист ақын. Пендешілікті қойсайшы, егер бір нәрсе ұнамаса, соған қарай бар жамандықты сыпыра салуға дайын тұрамыз. Менің айтарым, бүгінгі ұрпаққа насихат жетпейді. Ал егер соларға, басқасын қайдам, дәл Жамбыл жырының ленинградтықтар үшін қаншалықты ардақты екенін, оның маңызын түсіндіріп айтса, олар оны ұғар еді, қорғар еді.
Надежда Сидоровнаның осы сөзін растайтын бүгінгі ұрпақтың өкілін де тыңдайық. «Мен осы көшеде тұрамын, қызметкермін, – деді өзін таныстырған Галина Николаева. – Мен көшелердің бұрынғы атымен аталуын құптаймын. Мысалы, сізге дүниеге келгенде бір есім берілсе, оны орта жолда өзгертсе қалай болар еді?» Ал аты-жөнін айтудан бас тартқан оқушы қыз: «Маған бұрынғы есімдер ұнамайды, Жамбыл орысшаға келмейді», – деп жүре жауап береді. Осыған қарап «Өткенде белгі жоқ» деп қарауға да болар? Ал сонда өткенсіз бүгін қалай болмақ? Мені тұйыққа тірелген ойдан ленинградтық Тамара Александровна Мойконың жігерлі де айқын ойлары алып шыққандай болды.
– Жақында Маркс алаңында болғанымда, бұрынғы қойылған ескерткіштердің бірі жоқ екен. Бұл жақсы емес. Әрине, ол ескерткіштер де кезінде тегіннен-тегін қойылмаған шығар? Хош. Ал бүгін дәл сондай құрметке лайық тағы бір адам табылып жатса, көнені бұзудың қажеті қанша?! Оны да апарып жанына қой. Жамбыл көшесі де сол сияқты. Қазір жұрт жаппай қаланың, көшенің атын өзгертуге әуестеніп кетті. Басшыларға «Көшелердің атын өзгерткенше, соның бойындағы қолын созған қайыршыларды, баскесер бұзақыларды, былықтарды жөнге салыңдар» дер едім. Мен Ленинградтың есімін де, көшелерін де басқаша елестете алмаймын. Бұл де Кеңес халқының тарихы емес пе? Осы атауларды өзгерте қойғаннан бірдеңе шыға қоя ма? Жақсы, Санкт-Петербург деп аталық-ақ, ат жегіп, ұзын көйлек киелік-ақ, ал бүгінгі халықтың рухы, санасы, көңілі қай дәрежеде? Мұны – халықтың шектен шыққан мұқтаждығын білдіртпеу үшін, әңгімені басқа жаққа бұрып, халықты алаңдату үшін жасалған саясат деп білемін. Қазір Николай патшаны дәріптеп, Лениннің рухына шабуыл жасауда. Тіпті өткеннің бәріне көз аларта берген соң ардагерлеріміздің өзі орден, медалін тағуға жасқанып қалғандай. Ал бүгінгі өкімет басындағылардың осы қылықтарына келер ұрпақ уақыт өте келе баға бермесіне кепілдік бере ме?
Ленинградтың атын өзгерту-өзгертпеу бір мәселе. Бірақ тоқсанның бел ортасынан асқан жасында Ұлы Отан соғысы жылдарында осы тақырыпқа арнап үш мың жолдан артық өлең шығарған, қазақтың Гомері атанған Жамбыл халық поэзиясының алыбы, ССРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақтың халық ақыны екендігіне ешкімнің шүбә келтірер қақысы жоқ. Бір ақиқат – Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» өлеңін сол кезде Алматыда жүрген орыс ақыны М.Тарловский аударғаны. Аударма Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бюросында бекітіліп, басылымдарда СОТА (ТАСС) хабарлары арқылы жарық көрді. Өлеңнің құдіреті болар, сонау Қиыр Шығыстағы Хабаровск қаласында Жамбыл көшесінің әлі күнге дейін аталуы біздің жүрегімізге қуаныш ұялатады.
Ленинград қаласы еңбекшілері мен қазақ халқының арасындағы достық дәнекері ре­тін­де, соларға жасалған құрмет ретінде Қазақстан­да Көкшетау облысындағы бүтін бір аудан, Алматыдағы үлкен бір көше Ленинград қаласының атымен аталады. Мұны біз екі халық, қала арасындағы рухани көпір деп бағалаймыз, бағалай де бермекпіз.
Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында одақтың ең мықты тірегі болғаны былай тұрсын, есімі қазақ халқының Ленинградтағы өкіліндей болып келген Жамбылдың артында бүкіл бір қазақ ұлты тұрғанын ұмытпаған да жөн шығар?!


Жамбыл бабамыздың басынан алынған бір уыс топырақты сол көшенің бойындағы гүлзарда өсіп тұрған жас талдың түбіне төктім. Менің әрекетіме қарап тұрған саябақтың күтушілеріне: «Мұнда қазақ жерінің киелі топырағы жатыр», – дедім. Басын изеп, күлімсіреді. Түсінді білем.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ
Алматы – Ленинград – Алматы
30 шілде, 1991 жыл

↑