Перейти к содержимому

Ақпарат алмасу артады

108 қаралым

Алматыдағы Solux Hotel Almaty қонақүйінде «Қазақстан – Қытай БАҚ ынтымақтастығы: жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Алқалы басқосуды Қазақстан Журналистер одағы мен Қытай Журналистер одағының басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Жиында алғашқы болып сөз алған Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы Баян Рамазанова конференцияға қатысушы қос тарап өкілдерін осынау игілікті шараның басталуымен құттықтап, ұйымның жұмысы мен болашақтағы жоспары жайында кеңінен баяндап өтті. Ол өз сөзінде 1959 жылы құрылған ірі қоғамдық бірлестікте бүгіндері 6196 мүше тіркелгенін айта келіп, үнемі от пен судың ортасында жүретін жауынгер мамандық иелерінің атқарып жатқан жұмыстары, оларға ұйым тарапынан жасалып жатқан жағдайларға тоқталды. Қазақстан Журналистер одағының негізгі міндеті – меншік нысанына қарамастан, барлық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін біріктіру, сондай-ақ жас журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру. Осы мақсатта онлайн және оффлайн форматта семинарлар мен тренингтер өткізіп, түрлі тақырыпта байқау ұйымдастырып, журналистердің біліктілігін көтеру болғандықтан түрлі мүмкіндіктер толығымен пайдаланылып жатқаны да тілге тиек етілді.
Қонақтар тарапынан конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Қытай Журналистер одағы хатшылар басқармасының бас хатшысы Инь Лучжун ұйым атынан Қазақстаннның журналистика саласындағы барлық әріптестерін қолдау көрсеткені үшін шынайы алғысын білдірді. Биыл – Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл, сондай-ақ Қытай мен Қазақстанның мәдени алмасу жылы екенін ескерткен ол «Бір белдеу – бір жол» бастамасын алғашқы болып қолдаған көрші мемлекетпен тарихи байланыс турасында тоқталып өткен.
– Мына цифрлық дәуір Қытай мен Қазақстанның ақпарат саласында өзара ынтымақтаса дамудың тың кеңістігін ашып, оған жаңа дәуірлік мазмұн беріп отыр. БАҚ саласындағы практикалық ынтымақтастықты тереңдету – екі ел арасындағы тұрақты әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтатыны сөзсіз, – деген баяндамашы екі арадағы сапалы контенттің жеткіліксіздігі, ақпарат тарату арналары арасындағы үйлесімнің әлсіздігі сияқты мәселелер әлі де бар екенін айта келе, алдағы уақытта атқарылар жұмыстардың жобасын ұсынды.
Алқалы жиын барысында Қазақстан тарапынан Орталық Азия – Қытай журналистік зерттеулер қауымдастығының төрағасы, Абай атындағы Қаз ҰПУ өкілі Гүлмира Сұлтанбаева «Цифрлық Жібек жолы және академиялық сингергия: Қазақстан мен Қытайдың бірлескен зерттеулері мен медиакоммуникацияларының жаңа көкжиегі» тақырыбында; Абылай хан атындағы Қаз ХҚӘТУ магистранты Артур Исауленко «Цифрлық Жібек жолы жасанды интеллект дәуірінде: жасанды интеллект Қазақстан мен Қытайдың медиакеңіс­тігі мен өзара түсіністігін қалай өзгертеді?» тақырыбында, Тұран университетінің өкілі, философия ғылымдарының докторы Айтолқын Әшімова «Орталық Азия жасанды интеллектіні қалай сөйлетеді: медиа, қоғам және цифрлық егемендік» тақырыбында ой толғаса, қонақтар жағынан Қытай мұнай корпорациясы медиа орталығының директоры, Қытай мұнай корпорациясы журналистер қауымдастығының төрағасы Хо Хуиминь «Қытай мұнайы» газетін халықаралық тарату жұмысы туралы, Қытайдың Орталық радио-телевизия стансасының Астанадағы тілшісі Чжан Юияо «Қытай – Қазақстан БАҚ ынтымақтастығы: жаңа ойлар мен сынақтар» тақырыбында, Қытай ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілетті тілшісі Шань Лу «Шынайы ақпарат пен өзара түсіністікті арттырып, БАҚ ынтымақтастығы арқылы халықтар арасындағы байланысты нығайту» тақырыбында, Қытай мұнайының Орталық Азия және Ресей компаниясының өкілі Чжао Эньце «Мәдениет сәулесімен халық жүрегін нұрландырайық» тақырыбында, Гансу радио-телевизия бас стансасы халықаралық тарату орталығының жауапты орынбасары Хоу Хунсюань «Қытайдың Жібек жолы мен Батыс өңірлерінің даму хикаялары» тақырыбында; Шандун радио-телевизия стансасы «Тұрмыс және ауыл шаруашылығы техникасы» арнасының тілшісі Уан Синьмен «Қытайдағы ауыл шаруашылығын дамыту және насихаттау» тақырыбында баяндама жасады.
Шара барысында Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығына үлес қосып жүрген қалам­герлерге Алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етіліп, құттықтаулар айтылды. Соңынан конференция қонақтары өзара пікір алмасып, жекелеген сұрақтар бойынша пікірталас өткізді. Осыдан кейін конференцияға қатысушылар қытайлық CNPC өндіріс нысандарына барып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысуға мүмкіндік алды.

Қуат Қайранбаев

↑