Перейти к содержимому

Торсық – төл мұра

123 қаралым

Қазақта «Аяғын көріп, асын іш» деген мәтел бар. Мұндағы аяғын дегені ішер асы құюлы тұрған ыдыс екені баршаға аян. Ыдыстың тазалығы мен көркемдігі, сапасы аса маңызды. Әр ыдыстың өзіндік қолданылу ерекшелігі бар. Сондықтан да қазақ халқында ыдыс-аяқ түрі өте көп. Ұлтымыздың күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылған ыдысының біреуі – торсық. Тарихи деректерде торсық Орталық Азиядағы түркі халықтарының қымыз, шұбат, іркіт құюға арналған ежелгі ыдысы деп айтылады. Бұл ыдыс әсіресе қазақ, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ халықтары тарапынан кеңінен пайдаланылған. Торсық тек тұрмыстық ыдыс қана емес, сонымен қатар көшпелі қазақ мәдениетінің, өнерінің, салт-дәстүрінің және философиясының маңызды бөлігі болып саналады.

Көшпенділер үшін ыдыс-аяқ материалдық игіліктің бірі ретінде молшылық, тоқшылық, ырыс-берекенің көзі деп есептелген. Торсық жасау технологиясы қазақ халқының тері өңдеу, қолөнер, ою-өрнек өнері туралы терең білімін де айғақтап тұрады. Көшпелі өмір салтына байланысты қазақтардың тұрмыстық заттары көшіп-қонуға ыңғайланған. Торсықтың өзге ыдыстардан артықшылығы және пайдалану тәсілі бар. Әсіресе, торсықты салт атты жолаушылар көп тұтынған. Көп жағдайда торсық түйенің, өгіздің мойын терісінен жасалады. Қымыз, шұбат, іркіт, айран қатарлы сұйық сусындарды құйып алып, ердің артқы қанжығасына байлап алып жүреді. Малдың терісінен жасалғандықтан торсықтағы сусын жаздың ыстығында, қыстың суығында көп бұзылмайды. Атпен шапқанда жыртылмайды және ат аяғына қолайсыздық тудырмайды.
Зерттеуші Шоқан Уәлихановтың «ХVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» еңбегінде торсық жорық жағдайы үшін арнайы әзірленген ас сақтау ыдысы ретінде сипатталған. «Ресейден қашқан торғауыттардың ізіне түскен қазақ қолы дамыл жасап, жорық қазандарында сүрленген жылқы етін пісіріп, су құйылған торсықтарда құрт жібіткен», – деп жазады ғалым. Бұл дерек торсықтың тағамды сақтап, сапарға алып жүру үшін қолайлы ыдыс екенін дәлелдейді. Қолданылуы мен ас алып жүруіне қарай торсықтың да жасалу тәсілі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен тері тазаланады. Торсық тігілетін терінің шел майы мен көк еті тазартылып, түгі қырылады. Жүні жидітілген теріні қалыпқа салып, пішеді. Теріні құрымға салу, ысқа ұстау процесі жүргізіледі. Иленген теріні белгілі пішінге келтіріп, кейін шуда жіппен немесе көк қайыспен жөрмеп, тігеді. Ертеректе жақсы торсықтарды тарамыспен тіккен. Ал тарамыс жылқының сіңірінен есіп жасалатын жіп, өте берік және төзімді болып келеді. Тарамыс тігілгеннен кейін өзі ісініп, тесіктерді бітеп тастайды. Торсықты саба сияқты қарағайдың бүрімен, аршамен, тобылғымен ыстайды. Ұлтымыздың этнографиясына зер сала қарасақ, торсықтың шимайторсық, мүйізторсық, өркешторсық, жанторсық сияқты түрлерін көреміз. Бұларды халқымыз пішіні мен жасалуына қарай әртүрлі мезгілде қажетіне қарай пайдаланған.
Ұлтымыздың көп пайдаланғаны – жанторсық. Өйткені Шоқан Уәлихановтың «су құйылған торсықтарда құрт жібіткен» деп сипаттама берген торсығы – осы жанторсық. Атауынан-ақ белгілі. Өйткені ердің қанжығасына байланып, аттың екі жақ жанында жүретіндіктен, осындай атау берілген. Жанторсық өзге торсықтардан тек тұрмыстық қажеттілікті өтеумен ғана емес, көшпелі өмір салтына бейімделген, сусынды ұзақ сақтауға мүмкіндік беретін, сынбайтын және ауа өтпейтін, алып жүруге қолайлы, ат үстіндегі қозғалыстарға өте бейім екенімен ерекшеленеді.
Шелек тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған торсық тыл ардагері, Нұра ауылының алғаш қазығын қаққан Сағыныш Есбергеновке тиесілі. Торсықтың сырты ою-өрнекпен өрнектелген. Мал терісінен жасалған. Қоңыр түсті. Торсықтың аузын бекітетін бұрандалы қақпағы бар. Бұрандалы қақпағы торсыққа қайыс баумен бекітілген. Торсықтың сыйымдылығы – 1 литр. Торсықтың түсі қанық қоңыр бояумен боялған. ХІХ ғасырда жасалған бұл бұйым қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін, тұрмыс-тіршілігін, ұлттық мәдениетін танытатын этнографиялық құнды мұра саналады.

Жанар ҚАШАҒАНОВА,
Шелек тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы
Еңбекшіқазақ ауданы

↑