Перейти к содержимому

Мұғалім мерейі үстем

62 қаралым

Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара өтті. Онда үздік педагогтер марапатталып, білім беру саласындағы облыстық байқаулардың жеңімпаздары анықталды. Мерекелік кеште ұстаздарға құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы рөлі мен ел болашағына қосқан сүбелі үлесі насихатталды.

Шараға облыс әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысының айтуынша, өңірде білім саласына тұрақты қолдау көрсетіліп, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және педагогтердің кәсіби дамуына қажетті барлық жағдай жасалып жатыр. Бүгінде өңірде 35 мыңға жуық педагог еңбек етіп, жас ұрпаққа тәлім беруде. Сондай-ақ Шыңғыс Сайранұлы білім беру нысандарының белгіленген талаптарға сай болуы, үшауысымды оқытуды жою бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
– Адамзат баласының парасат шыңына өрлеуі де, мемлекеттің өркениетті дамуы да ұстаз берген тәлім-тәрбие мен іргелі білімнен бастау алады. Бүгінде қай салада қызмет етіп, қай биікті бағындырсақ та, сол асулардың негізінде мұғалімдердің өлшеусіз еңбегі мен ақ батасы жатыр. Ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы – шәкіртінің жетістігі. Осы бағытта облыс педагогтері кәсіби шеберлігін ұдайы жетілдіріп, білім додаларында оқушыларының биіктен көрінуіне жол ашып келеді. Сонымен қатар өздері де кәсіби байқауларда топ жарып, үздік тәжірибелерімен танылып жүр. Осындай жауапты әрі абыройлы жолда жүрген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деген облыс әкімі үздік ұстаздарды марапаттады. Жас ұрпақ бойына сапалы білім, тағылымды тәрбие беріп жүрген педагогтерге «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар «Үздік балабақша», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы», «Үздік сынып жетекшісі» және «Жылдың үздік мұғалімі» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.
«Жылдың үздік мұғалімі» атанып, су жаңа автокөлікке ие болған Жамбыл ауданы Ә.Бейсеуов атындағы орта мектептің мұғалімі Бақытәлі Дәулешияр сайыстың қалай өткені жайлы айтып берді.
– Жарыс төрт кезеңнен тұрады. Әр кезеңде жоғары балл жинап, өзін жан-жақты көрсете білген педагог жеңіске жетеді. Биыл бұл марапаттың маған бұйырғанына қуаныштымын. Бұл байқау – бәсекеде бақ сынау ғана емес. Бұл – өзара тәжірибе алмасып, сұхбат құрып, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, оқушылардың білімін, ұстаздардың біліктілігін арттыратын маңызды жоба. Сондықтан мұндай сайыстардың педагогтерге берері мол. Ал жақсы мұғалімнің тәлімін көріп өскен алғыр бала елдің жарқын болашағын қалыптастырады, – деді жеңімпаз.
Мұғалімдерге берілетін ең жоғары марапат – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін кеудесіне таққан Қарасай ауданы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің директоры Жанар Құлиева да ыстық ықыласын білдірді.
– Ұстаздар күнінде осындай мәртебелі марапатқа ие болып отырмын. Бұл менің педагогика саласындағы 34 жылғы еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Дегенмен әр мұғалім үшін шәкіртінің жетістігін көргеннен асқан бақыт жоқ. Ең бастысы, педагог оқушыны жақсы көріп, шынайы ықыласымен жанашыр бола білу керек. Махаббат арқылы ғана шәкірт жүрегінен орын ала аласың. Мейірім арқылы ғана жарқын болашағына негіз қалай аласың, – деді ұстаз.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланып, ұстаздың ұлы есімі, ерен еңбегі дәріптелді.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

↑