Перейти к содержимому

Нар жолында жүк қалмас

232 қаралым

ҚР Ұлттық кітапханасында меценат, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы, 2025 жылы «Ең үлкен түйе керуені» номинациясымен Гиннестің рекордтар кітабына енген «Дәулет-Бекет» ЖШС негізін қалаған белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Құрметті профессоры Сыдық Дәулетовтің «Нар жолы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер рәсімін белгілі сөз шебері Мамай Ахет арғы-бергі тарихты қозғай отырып аса қызғылықты жүргізді. Жиында сөз алған Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамедов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, жазушы Смағұл Елубай, Сәуле Досжанова, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, ақын Жұмабай Құлиев және басқалары кітап ерекшелігі туралы, автордың еңбекқорлығы хақында кеңінен көсілді.
Ғұмырбаяндық эссенің әдеби редакторы Бауыржан Бабажанұлы кітапты баспаға әзірлеу барысында кездескен қызықты жағдаяттарды тілге тиек етті. Сан түрлі кедергіге қарамай, түйе бағу сияқты атакәсіпті әлемге танымал еткен кәсіпкердің жүріп өткен еңбек жолы жас ұрпаққа айрықша мотивация сыйлары сөзсіз.

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ

↑