Перейти к содержимому

ТӘЛІМ – ТӘРБИЕ ӨЗЕГІ

35 қаралым

Оқу-тәрбие ісінде негізгі құралдың бірі – оқушыларға рухани таным-тәрбие беретін, балалардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа бастамаларға жігерлендіретін – олармен бірге бір қоғамда өмір сүріп, ел игілігі жолында еңбек етіп, жетістіктерімен қоғамға үлгі болған тұлғалармен кездесу өткізу. Мұндай тағылымды жүздесулер жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп қана қоймай, олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, жаңа бастамаларға жігерлендіреді.

Мазмұнды да мәні терең осындай кештің бірі Есік қаласында орналасқан Райымбек батыр атындағы орта  мектепте өтті. «Туған тілдің тұғырын жырмен биіктеткен» атты шығармашылық кештің басты қонағы болған – ақын, сазгер, қоғам қайраткері, Талғар ауданының Құрметті азаматы – Қамнұр Тәлімұлы.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің әдістемелік бірлестігі ұйымдастырған тағылымды кездесуге Алматы облысы аналар кеңесінің төрайымы, білім саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, шәкірт тәрбиесіне өмірін арнаған ұлағатты ұстаз Гүлнар Жошыбаева, аудан мектептерінің мұғалімдері мен мектеп оқушылары қатысты.

Қамнұр Тәлімұлының есімі Райымбек батыр атындағы орта мектеп оқушылары үшін бейтаныс емес. Ақынның шығармашылығымен балалар кеңінен таныс. Ал ақынның қаламынан туған, Райымбек батырдың ерлігін жырлайтын «Баһадүр Райымбек – батыр бабам» деген өлең жолдары білім ошағының алдында үлкен әріптермен жазылып, көпшіліктің көз алдында ілініп тұр.

Шығармашылық кеште Қамнұр Тәлімұлы өмір жолы мен шығармашылығы туралы кеңінен баяндап берді. Өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қызықты естеліктерін ортаға салды. Шығармашылығынан шашу шашып, балаларға арнап бірнеше өлеңін оқыды. Оқушылар да ақынның Отан, туған жер, ана, тіл туралы отты жырларын жатқа айтып, әндерін әуелетті. Сонымен қатар еркін форматта өткен кездесу барысында балалар мен мұғалімдер ақынға түрлі тақырыптағы сауалдарын қойып, пікір алмасты. Туған тілдің қадір-қасиеті, сөз өнерінің құдіреті, поэзияның адам жанына әсері, бала тәрбиесі мен білімнің маңызы жөнінде кеңінен ой қозғалды. Әсіресе, ана тілін ардақтау, сөздің мәнін түсіну, әдебиеттің тәрбиелік күшін бағалау және білімге ұмтылу мәселелері кездесудің негізгі өзегіне айналды.

«Ұзақ жылдар білім беру саласында еңбек етіп, «Білім беру ісінің үздігі», «Халық мұғалімі» атанған Қамнұр Тәлімұлының жас ұрпаққа айтары мол. Балалар үшін кітаптан оқыған немесе сырттай танитын тұлғамен жүзбе-жүз кездесіп, оның өмір жолын танып-білу – үлкен мектеп. Қонақтың басынан өткен қызықты оқиғалары, жетістіктерге жету жолындағы ізденісі мен қиындықтарды еңсеруі оқушыларға ой салып, болашаққа деген сенімін арттырады», – деген Гүлнар Сағатқызы балаларға беріліп отырған қазіргі мүмкіндіктерді пайдаланып, оқу мен білімге ұмтылу керектігін айтты.

Кеш соңында «Балалар мұндай кездесуден ерекше әсер алып, «Мен де өскенде осындай боламын» деген үлкен арманмен қанаттанып шығады. Сондықтан Райымбек батыр атындағы орта мектепте тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор кездесулерге ерекше мән беріліп келеді. Оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін, өмір жолы өнегеге толы, еңбегімен елге танылған азаматтармен жүздесулерді ұйымдастыра отырып, тек белгілі бір мамандық немесе шығармашылық бағыт туралы ғана емес, еңбекқорлық, табандылық, білімге ұмтылу, елге қызмет ету секілді адами қасиеттерді бойына сіңіруді мақсат етеміз», – деген мектеп директоры Салтанат Рысбекқызы кеш қонағы Қамнұр Тәлімұлына алғысын айтты. Оқушыларға ризашылығын білдірген ақын да өз кезегінде мектеп ұжымы мен кеш қонақтарына тарту жасап, кітаптарын сыйлады.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы

↑