Журналистика – әркім бір беттей бермейтін, қасиет пен кие қонған ерекше мамандық. Оның ауыртпалығын ер жүгін арқалай алатын қыздар ғана көтере алады. Сондай қасиетті қалам иесінің бірі – Қарадала өңірінен шыққан журналист Назым Дүтбай. Қаламгердің өткен жылы «Ізгілік тамшысы» атты кітабы жарыққа шықты. Өмірден түйген өнегесі мол, қоғамға қатысты өзіндік айтар ой-пікірі бар қаламгермен осы жолы сұхбаттасудың сәті түсті.
– Назым Саймасайқызы, журналистика саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келесіз. Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мектеп қабырғасында жүрген кезден жазуға бейім болдым. Кетпен ауылындағы клубта өткен шараны аудан көлемінде насихаттасам, ақпарат ретінде таратсам деген ой шағын жаңалық жазуға түрткі болды. Бастауыш сыныпта оқып жүрген жылдары «Қазақ радиосында» «Жұмбақбай атайдың жұмбақтары» деген бағдарлама болатын. Онда ертегілер берілетін. Сол бағдарламаны үзбей тыңдайтынмын. Әдеби шығармаларды оқуға да бала кезден әуес болдым. Ал журналистикаға деген ықылас, қызығушылық әкемнен дарыған болар. Әкем Дүтбайұлы Саймасай журналист болуды армандаған екен. Әке арманы мені де осы жолға жетеледі. Әкемнің арманын орындағанымды іштей мақтан тұтамын. Журналистикада тілші ретінде тәжірибе жинадым, танылдым. Бұл ретте мектепте, жоғары оқу орнында білім берген оқытушыларым мен журналистика саласындағы ұстаздарымның еңбегі зор. Алғашқы ұстазым Зәуреш Мекебаева, жоғары сыныпта дәріс берген Тоқан Әлібеков, Ырысхан Әлиева, Молдасан Шапиев есімді ағай-апайларға көп алғыс айтамын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ұстаздарым – Намазалы Омашев, Кәкен Хамзин, Клара Қабылғазина, Шархан Қазығұлов, Бауыржан Жақып, Сағатбек Медеубекұлы, Нұржан Қуантайұлына да өз ризашылығымды білдіремін. Журналистикадағы алғашқы жұмысым Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қазақ әдебиеті» газетінен басталды. Алғашқы редакторым – жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбек. Журналистикаға бірінші Алланың жазуымен, екінші осы кісілердің бағыт-бағдар беруімен келдім.
– Журналистикадан бөлек, жазушылық та қырыңыз бар. «Ізгілік тамшысы» атты алғашқы туындыңыздың жарық көруі – соның дәлелі. Алдағы уақытта жазушылыққа бет бұру ойыңызда бар ма?
– Иә, «Ізгілік тамшысы» – менің алғашқы жинағым. «Кітап жазайын» деп мақсат қойған емеспін. Мүмкін, түпкі, ойымда болған да шығар, бірақ аса қатты талпындым деп айта алмаймын. Жиырма жыл ішінде газетке басылған, жазылған, әр жылдағы дүниелерді жинақтап шығарудың сәті түсті. Маған ондай ой салған Қарадаладан шыққан талантты ағамыз Бақыт Беделханұлы. Бақыт аға маған хабарласып: «Кітабыңды шығарайық, журналистикада жүрген қарымды қыздарымыздың бірісің», – деді. Алғашқыда жүрексінгенім рас. Бірақ ағамыздың қайрап-қамшылауымен, Қарадаладан шыққан оқылымды қаламгер Сәуле Досжанова апайымыздың жұбайы Сәт Тоқпақбаевтың демеушілігімен кітап жарық көрді. Жазушылықпен айналысу үшін адамға күнделікті күйбеңнен ада шығармашылық күй қажет. Ондай күйге түсу үшін әсершіл жүрек, көреген көз, шығармашылық тұрғыда образды ойлау керек. Менің сәл де болса жазушылық қырым болса, ол ұстазым Жұмабай Шаштайұлының ықпалы. Бірақ «жазушылыққа түбегейлі бет бұрамын» деп әзірге айта алмаймын. Өйткені, біраз жыл Жазушылар одағында қызмет атқарған соң, оның жауапкершілігі өте жоғары екенін түсінемін. Жазушы болу үшін шығармаға мазмұндық, көркемдік, тіл жағынан да аса талғаммен қарау керек.
– «Ән мен Ана», «Бейсенханнан қалған белгі», «Раушан коммунистің сіңлілері» сынды сіздің бірқатар әңгімеңізді оқып шықтым. Сонда байқағаным, қай шығармаңыз да ана атауымен, әйелдің күнделікті күйбең тіршілігімен тікелей байланысты екен. Мұның сыры неде?
– Әйел болған соң олардың тіршілігі жайлы көп ойланасың, жаратылысына үңілесің, сан-салалы қызметіне бойлайсың. «Өмірдегі орны қандай? Міндеті не?» деп толғанасың. Ондай кезде алуан түрлі образдар көз алдыңа келеді. Ешбір әйел күйбең тірліктен алыс кете алмайды. Осындай жағдайларды ойлаған кезде туындаған дүниелер ғой.
Талдықорған қаласында «Ізгілік тамшысы» атты кітаптың тұсаукесерін «Janr» әдеби клубы ұйымдастырды. Тұсаукесерде кітап туралы Жетісу университетінде әдебиеттану мамандығы бойынша сабақ беріп жүрген оқытушы Дәулеткерей Мүлік есімді ғалым жігіт пікір айтты. «Назым ханым шығармаларында әйел адам қайткенде бақытты болады?» деген сұраққа жауап іздейді», – деді. Мұндай пікірді естіген кезде өзім де: «Шындығында солай екен ғой» деп ойладым. Қаламгер өзі жүрген ортадан тыс, беймәлім әлемді жаза алмаса керек. Кез келген жазушы айналасындағы жағдайды жазады, өзін толғантқан дүниеге қалам тербейді. Өз дәуірінің бейнесін көрсетеді. Сол себепті менің жазған дүниелерімнің де бүгінгі күннен хабар беруі заңды.
Жазушы мен журналистің ерекшелігі неде десек, жазушы көбіне образға, кейіпкердің мінезіне мән береді, ал журналист мәселенің туу себебіне үңіледі. Менің қаламымнан туған шығармаларда журналист ретіндегі ойым басымдау болып кеткен шығар. Ал жазушылар мәселенің себебіне көп үңіле бермейді, олар қалай бар, солай көрсетіп береді. Ой қорытуды, түйін жасауды оқырманның өзіне қалдырады. Ал мен журналист ретінде ой қорытып, оқырманға түсіндіру түрінде жеткіземін. Сол жағынан аз ғана ерекшелік бар. Бір сөзбен айтқанда, жазушылығыма қарағанда журналистігім басым.
– Сіз өмірде аяулы ана, асыл жарсыз. Сонымен қатар, журналистиканы, жазушылықты бірге алып келесіз. Осы орайда мынандай сауал туындайды: сөз өнері қиын ба, әлде әйел тіршілігі ме?
– Қызық сұрақ екен. Негізінде адам баласына жан-тәнімен беріліп, жақсы көріп жасаған ісі қиынға соқпайды. Әрине, сөз өнері қиын, сөздің жүгі ауыр. Солай бола тұра, «айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, булығып келген сөзді сыртқа шығармасаң, ол да саған маза бермейді.
Өзіміздің Қарадаладан шыққан сыйлас дос, ақылшы апайымыз, жазушылығы бір төбе Ділдар Мамырбаева: «Назым, жаза алатын қыздар жазбаса, жазуға деген ықылас ашу-ыза болып шығады, сол үшін жазу керек», – дейді. Ол кісінің айтқан сөзінің жаны бар. Себебі, жазбасаң ішіңде бір нәрсе буырқанып, тыныштық бермейді. Жазғаннан кейінгі, қағазға ойыңды бедерлегеннен кейінгі ләззат бөлек. Сондықтан сөз өнері қиын дегенмен, оның артында бір рахаты барын есте ұстаймын. Ал енді әйелдің өмірі ежелден-ақ бітпейтін күйбең тіршілікпен байланысты ғой. Нәзік жандыларға қарата жиі айтылатын «Әйел өмірге жердің жыртығын жамауға келген сияқты» дейтін сөз бар. Қай заманға, қай кезеңге қарасаңыз да, әйелдің бар болмысы, миссиясы өмірдегі жетпей жатқан тұсты жеткізу сияқты көрінеді. Әрине, бұл қатып қалған түсінік емес, дегенмен де, әйелдің басына түскен ауыртпашылық, қиындық айта берсеңіз таусылмайды. Бізге дейінгі жазушыларымыз да ол жайында қалам тербеп кеткен, бізден кейінгілер де айта бермек. Әйел жанының қатпар-қатпары алуан түрлі шығармаларда қозғалды. Оны өздеріңіз де білесіздер, оқырмандар да жақсы біледі. Сондықтан әйел тіршілігі қиын деп айта алмаймын, оңай да емес.
– «Желіге жегілген өмір» атты әңгімеңізде қазіргі қоғамның бет бейнесін толықтай көрсеткенсіз. Ал өзіңіз әлеуметтік желіге көп уақыт бөлесіз бе?
– «Желіге жегілген өмір» журналист ретінде қазіргі қоғамның беталысына қарап жазған дүнием болатын. Қоғам, шын мәнінде, көгенделген қозылар сияқты желіге жегіліп қалды. Бәріміз осы күйдеміз. Мұның өзі адамзат пешенесіне о баста жазылған жазмыш болар. Адамзаттың таңдаған жолы бұл. Осыны өзі ойлап тапты және соған байланды. Өзгелерге желіге жегілме деп те, жегіл деп те айта алмаймыз. Өзім де замандастарым қаншалықты желіге тәуелді болса, соншалықты тәуелдімін. Себебі, қоршаған ортадан, қоғамнан асып ешқайда кете алмаймын.
– Қазіргі журналистикаға деген көзқарасыңыз қандай? Өркендеу үстінде ме, әлде бір ізді шиырлап, тұралап тұр ма?
– Журналистикаға деген көзқарас әрқилы ғой. Тұралап қалды деп те, дамып кетті деп те айта алмаймын. Журналистика қоғаммен біте қайнасып жатқандықтан қоғаммен бірдей дәрежеде болады.
– Сіз туралы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын, қаламгер Жанарбек Әшімжан мырза: «Назым Дүтбаева – бір қарағанда ұяңдау, көп сөзге жоқ секілді көрінгенімен де, белгілі бір мәселе хақында сұрай қалсаң, ақтарыла жөнелетін иманды, ибалы жан», – депті. Осымен келісесіз бе? Жалпы өмірде қандайсыз?
– Иә, аға, дос Жанарбек Әшімжан бұл сөзді осыдан біраз уақыт бұрын жазған. «Назымның сұхбаты» деген кітап шығаруды жоспарлағанда Жәкеңе алғысөз жазып берсеңіз деп едім. «Назымның сұхбаты» атты айдар ашу идеясын сол кісі ұсынған. Жәкең адам таниды ғой. Жалпы өмірде өзім туралы көп айтыла бергенін қаламаймын, көп сөйлемейтінім де рас. Жәкеңмен студенттік кезден таныспыз. Сол кездерден бойымнан көрген, байқаған қасиеттер осы шығар. Оған алып, қосарым жоқ.
– Өз өміріңізде қандай өзгерістер болып жатыр? Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз? Журналистік, жазушылықтан өзге ашылмай жатқан қырларыңыз бар ма?
– Қазіргі таңда жұбайымның жұмысы Қарағандыға ауысуына байланысты көш түзеп, Арқаға қоныс аудардық. Осындағы «Орталық Қазақстан» газетінде еңбек етіп жүрмін. Әйел адамның ең бірінші орында тұратын міндеті ана болу деп есептесек, сол алғашқы міндеттің жетегінде біраз уақыт үйде отырдым. «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» демекші, қазіргі біздің атымыз сол отағасының қызметі болып тұр. Ал мақала жазуды тоқтатқан емеспін. «Мінбер» ақпараттық порталында контент редактор болып жұмыс істеймін. Қазіргі интернет заманында журналистер үшін ашылып жатқан есік те, мүмкіндік те мол.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Анар Дүйсенбайқызы,
Алматы облысы