Алматы облысының Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Мәдениет үйінде ерекше балалардың өнері мен өршіл рухын ұлықтаған облыстық инклюзивті фестиваль өтті. «Жүректен жүрекке» атты концертте сахнаға шыққан әр баланың өнері көрерменнің көңілін толқытып, қуаныштан жанарға жас үйірді.
«Qazaq Community Development» қорының жетекшісі Марат Жапаровтың бастамасымен, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған фестиваль өңірдің түкпір-түкпірінен келген жас өнерпаздарды бір арнаға тоғыстырды. Шараның басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық әлеуетін таныту, олардың қоғам өміріне белсене араласуына жол ашу, өнер арқылы өзара түсіністік пен жанашырлықты нығайту. Өйткені бала бойындағы дарынға мүмкіндік беріп, талпынысына демеу көрсету тұтас қоғамның адамгершілік өлшемін айқындайтын ізгі іс екені анық.
Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған қайырымдылық жәрмеңкесі фестивальдің мазмұнын байыта түсті. Мерекелік концерттің шымылдығы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің асқақ үнімен ашылды. Кеште алғашқы құттықтау сөз алған Іле ауданы әкімінің орынбасары Асхат Садықов қатысушыларға ақжарма тілегін жеткізді. Жігері мұқалмаған жас дарындарға өнер жолында биік белестерді бағындырып, шынайы таланттарымен биіктен көрінуін тіледі.
– Құрметті қонақтар, қадірлі қатысушылар, ата-аналар мен тәлімгерлер. «Жүректен жүрекке» фестивалі әрқайсымызға жүрек жылуын жеткізіп, шынайы қуаныш пен ізгілік сыйлайды. Бүгінгі күн баршаңыз үшін шаттыққа, жарқын әсерге және ақжарма көңілге толы болсын. Сахна төріне талантымен, өнерімен дараланған балалар шығып, өз шеберліктерін көрсеткелі отыр. Балаларға деген қамқорлығымыз бен осы мерекедегі ізгі көңіл-күйіміз ешқашан толастамасын, – деді ол.
Шынайы таланттың жолында ешқандай тосқауыл болмайтыны анық. Бүгінгі концерт соны айқын аңғартқандай. Өнерге деген құштарлығы мен жалынды жігері арқылы күш алып, қиындыққа мойымаған балалар жүректерге жылу ұялатты. Олардың қабілетіне қолдау көрсетіп, сенім артып, бала бойындағы бұла күштің бұрқ етіп шығарына себепкер болған тәлімгерлерге ақжарма алғыс айтылды. Концерт соңында ұйымдастырылған ортақ би флешмобы мерекенің шырайын одан әрі аша түсті. Балалар сахнаға көтеріліп, әуен ырғағымен бірге билеп, шаттыққа бөленді. Фестиваль Зейнеп Өтегендінің «Жүректен жүрекке» композициясын орындауымен түйінделді. Бұдан кейін жас өнерпаздарға дипломдар, естелік сыйлықтар мен ақшалай жүлделер салтанатты түрде табысталды. Бұл – балалардың өнеріне берілген баға ғана емес, олардың талпынысына көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Құралбек СӘБИТОВ
Іле ауданы

