Перейти к содержимому

Ауыл өнімі ұсынылды

40 қаралым

Қонаев қаласындағы «Айша сити» базарында «Дала дәмі» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өз жалғасын тапты. Қала тұр ғындары мен қонақтары жаңа жиналған ауыл шаруашылығы өнімдерін, маусымдық көкөністер мен жемісжидектерді және басқа да отандық тауарларды қолжетімді бағамен сатып алды.

Таң атпай «Айша сити» базарына жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Бірі ет алуға асықса, енді бірі көкөніс пен басқа да қажетті азық-түлікпен қамданып қалуға тырысты. Сауда қыза келе сөрелердегі өнімдер де сирей бастады. Жәрмеңкеге келген қала тұрғындарының бірі Ақмарал Әсенова ет сатып алып, мұндағы бағаға көңілі толатынын жеткізді. «Жәрмеңкеде қажетті азық-түлікті қолжетімді бағамен алуға мүмкіндік бар. Ет бағасы шарықтап тұрғанын білесіздер. Сондықтан осында ет үшін келіп, он шақты келісін алып, әжептәуір ақшамды үнемдедім. Азғантай зейнетақыға қарап отырған біз үшін мұның өзі үлкен көмек», – дейді ақ жаулықты ана.

Өнімдердің жергілікті жерде өндіріліп, тұтынушыға тікелей жетуі сапасы мен балғындығына деген сенімді арттыра түседі. Бұл турасында сөз қозғаған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Адис Сейдакматов: «Жергілікті өнімнің делдалсыз тұтынушыға жетуі бағаның тұрақтылығына да оң әсер етеді. Мұндай жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы саласының аймақ экономикасындағы маңызын айқындай түседі. Егін егіп, мал бағып, өнім өндіріп отырған шаруалар үшін өз еңбегінің нәтижесін тікелей тұрғындарға ұсыну – нарықты кеңейтудің бір жолы. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлерді қолдау ауылдағы өндірістің дамуына, жаңа жұмыс орындарының қалыптасуына және отандық өнім көлемінің артуына ықпал етеді. Мұндағы өнімдердің барлығы сапа стандартына сай», – деді.

Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Шымболат Құрманғали да жәрмеңкенің халық үшін маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің баста масымен ел аумағында өтіп жатқан «Дала дәмі» жәрмеңкесі Алматы облысы көлемінде 19 қыркүйекте басталды. Барлық аудан мен қалада әр сенбі сайын өткізілуде. Бұл игі шара бүгін Қонаев қаласында ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңкеде 2025 жылы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес белгіленген әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары сатылуда. Оның ішінде ет, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек, дәнді-дақыл және басқа да өнімдер бар. Отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жан-жақты қолдау білдіру, өнімдерді өткізу нарығы мен мүмкіндіктерін кеңейту, тұрғындар ды сапалы әрі қолжетімді отандық өнімдермен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға тұрақтылығын сақтау бағытында қолға алынған «Дала дәмі» жәрмеңкесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Атап айтқанда, арнайы баннерлермен, логотиптермен және сатып алушы тұрғындарға арналған фотоаймақпен қамтылған. Жәрмеңкені жыл соңына дейін өткізу жоспарлануда. Өткен аптада жәрмеңкеде облыс бойынша 150 тоннадан астам тауар саудаланды», – деді ол.

Игі істен кәсіпкерлер де шет қалмады. «Дала дәмі» жәрмеңкесі – кәсіпкерлер мен шаруалар үшін өз өнімдерін танысты рып, тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға берілген жақсы мүмкін дік. Жәрмеңкеге өзіміздің кондитерлік өнімдерді ала келдік. Мұндағы жұрт торт, тәтті тоқаш және басқа да өнімдерімізді көптеп сатып алып жатыр. Сөредегілердің бәрі – табиғи таза өнімдер. Сонымен қоса халал сертификатына ие. Бағасы – қолжетімді. Келесі жолы тіптен көп өнім түрін жәрмеңкеге әкелуді жоспарлап отырмыз», – деді Талғар ауданынан келген Мұхит есімді кәсіпкер.

Ең бастысы – дала төсінде маңдай термен өндірілген өнімнің халыққа дер кезінде жетуі. «Дала дәмі» осы еңбектің нақты нәтижесін көрсеткен игі бастамалардың бірі болды.

Ерзат Асыл

Қонаев қаласы

↑