Облыстық әкімдікте Автомобиль көлігі және автожол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Игі шарада аймақтың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан сала мамандарының еңбегіне құрмет көрсетілді.

Облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, ел экономикасы мен өңірдің өркендеуіне қосқан қомақты үлестерін атап өтті. «Дамыған жол желісі мен тиімді көлік жүйесі өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және экономикалық белсенділікті дамытуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көлік-логистика саласын дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударып келеді. Осы басымдықтар аясында Алматы облысында автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу, сондай-ақ жолаушылар тасымалының сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар өңірдің көлік байланысын жақсартуға, елдімекендердің өзара қатынасын дамытуға және облыстың экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Бүгінде облыстық маңызы бар жолдарда 800 шақырым жол таңбасы жаңартылып, 65 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 480 жол белгісі, 2,5 шақырым темір қоршау және 42 автобус аялдамасы орнатылды. Аудандық деңгейдегі көше-жол желісін дамыту бойынша биыл 142 жоба іске асырылуда. Жобалар аясында жалпы ұзындығы 666 шақырым жолды қамтитын жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 510,6 шақырымды 2026 жылы аяқтау, ал 155,4 шақырымды 2027 жылға өтпелі жоба ретінде іске асыру көзделген. Жол саласында еңбек ету – үлкен жауапкершілікті, жоғары кәсібилікті және табандылықты талап ететін абыройлы іс. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз өңіріміздің дамуына, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысына және халықтың өмір сапасының артуына тікелей ықпал етеді», – деді Әсет Дүйсебекұлы.
Еңбегімен елеулі болған сала қызметкерлері ҚР Көлік министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. «Бүгінде автожол саласы сенімді қадамдармен алға жылжып келеді. Соңғы жылдары көптеген оң өзгерістер орын алды. Жаңа технологиялар енгізілуде, жаңа техника мен жабдықтар келіп жатыр, ал сапаны қамтамасыз ету мен бақылау – дамудың маңызды бағыты болып отыр. Күні кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында сапалы жолдар мен заманауи жол бойы инфрақұрылымының маңызын сөз етті. Сондай-ақ жолшылардың алдына зор міндет жүктеді. Автожол саласы – бұл қауіпсіздік, жайлылық, сапа және тиімділік. Халық біздің еңбегімізді өз көзімен көре алады, жолдармен жүріп өтсе жеткілікті. Сондықтан барлығы халық үшін болуы қажет», – деді әріптестеріне зор жетістік тілеген сала ардагері ардагері Балтағұл Айтбаев.
Салтанатты жиын соңы жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.
Суреттерді түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ
Ерзат АСЫЛ

