Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Стратегиялық маңызы бар міндет

Стратегиялық маңызы бар міндет

51 қаралым

         Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні бүгін «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жақын жылдарға арналған Жолдауда Президент еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық маңызына ерекше тоқталды.

         Ауылда тұратын азамат ретінде  менің көңілімнен шыққаны, Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі таңда еліміздің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтері 130 миллиард доллардан асқанын айтып, мемлекет аграрлық секторды заманауи технологиялармен жабдықтауға және инфрақұрылымын жаңғыртуға толық қауқарлы екеніне тоқталды. Осы тұрғыда Үкімет бекіткен ауқымды Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспары аясында ауылдық аймақтардың логистикалық және су шаруашылығы нысандарын ретке келтіру, Ұлттық қордан бөлінетін 6,5 триллион теңгенің бір бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен ауыл инфрақұрылымын жақсартуға жұмсау бойынша нақты міндет жүктеді.

         Сондай-ақ агросаланы шикізат экспортынан дайын өнім шығаруға көшіріп, мұндағы өңдеу өнеркәсібінің ІЖӨ-дегі үлесін 14%-дан асыру мақсаты аясында аграрлық өнімді терең өңдеу зауыттарын салу жөнінде тапсырма берді. Аймақтарды дамытудағы «цифрлық сыңар» (digital twin) технологиясын су ресурстарын тиімді пайдалану мен жер қойнауын бақылауда қолдану, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ауыл шаруашылығында жасыл технологияларды енгізу және топырақ құнарлылығын сақтау қажет екенін де баса айтты.

         «Өндіру және өңдеу жұмысымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату жүйесін жетілдірген жөн. Ірі холдингтерден бастап, шағын шаруа қожалықтарына дейін агрологистика орталықтарының қызметін кедергісіз пайдаланатын мүмкіндік болуға тиіс. Жалпы, халықтық құрылыс аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ісіне де баса мән беру керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет!», – деді Президент.

         Бір сөзбен айтқанда, аграрлық секторды тек шикізат көзі емес, жоғары технологиялы өңдеу өнеркәсібінің қозғаушы күшіне айналдыру міндеті қойылды. Бөлінген ауқымды қаражат пен жаңа цифрлық тәсілдер отандық фермерлерді қолдауға, ауыл өмірінің сапасын арттыруға және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігімізді нығайтуға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Демек, ауыл тұрғындарының табысы молайып, тұрмысы да жақсарады деген сөз!

Бексұлтан КӨЛБАЕВ,

Кеңдала ауылдық

ардагерлер кеңесінің төрағасы

Талғар ауданы

↑