Перейти к содержимому

Нақты іс-қимыл жоспары

29 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауы – ел дамуының жаңа тарихи кезеңіндегі стратегиялық қадамдарды айқындаған маңызды құжат болды.  Ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты шешімдерді қамтиды.

Жолдауда көтерілген басым бағыттар мен олардың қоғам үшін маңызы   экономикалық тұрақтылық және стратегиялық қорларда жинақталған нақты қаржыға негізделген. Мысалы, еліміздің алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің 130 миллиард доллардан асуы – мемлекетіміздің сыртқы сын-қатерлерге төтеп бере алатын берік экономикалық қауіпсіздік жастығы қалыптасқанын көрсетеді. Ал өңдеу өнеркәсібінің ІЖӨ-дегі үлесі 14 пайыздан асуы – Қазақстанның шикізатқа тәуелділіктен арылып, әртараптандырылған отандық өндіріске бет бұрғанының айқын дәлелі. 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан бөлінетін 6,5 триллион теңге – ескірген жолдар, коммуналдық желілер мен логистикалық хабтарды жаңартуға серпін береді десек, 2026 және 2027 жылдың алғашқы айларында әлеуметтік маңызды жобаларға бағытталатын 1,5 триллион теңге мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді бірінші орынға қоятынын айғақтайды.

Сондай-ақ әрбір ірі қаланың орта және ұзақ мерзімді даму жоспарының болуы, ресурстарды тиімді басқару үшін «цифрлық сыңар» (digital twin) технологиясын енгізу – заманауи урбанизация талабы десек, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау шараларының мемлекеттік деңгейде басымдыққа ие болуын көрсетеді. Қай тұрғыдан қарағанда да мұның бәрі  құптарлық қадам.

Жалпы бұл Жолдауды құрғақ уәде емес, мемлекеттің нақты есеп пен ірі қаржылық ресурстармен бекітілген іс-қимыл жоспары деуге болады. Ұлттық қордың қаражатын ел ішіндегі инфрақұрылымды дамытуға тікелей бағыттау – болашақ ұрпақтың игілігіне жасалған инвестиция. Ендігі басты міндет – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бұл тапсырмаларды ашық әрі тиімді орындауы. Осы мақсаттарға жұмыла қол жеткізу – әрбір қазақстандықтың ортақ міндеті.

Жұмағали КЕБЕКБАЕВ,

ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері,

Талғар ауданының Құрметті азаматы

↑